Жаңалықтар

СІМ-де Орталық Азиядағы көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

СІМ-де Орталық Азиядағы көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды
Фото: gov.kz 25.08.2023 00:29 1165

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Орталық Азия бойынша тур аясында Қазақстанға сапармен келген БҰҰ Бас хатшысының жаңадан тағайындалған Арнайы өкілі – БҰҰ-ның Орталық Азия үшін Превентивті дипломатия бойынша өңірлік орталығының (ОАПДӨО) басшысы Каха Имнадземен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар Орталық Азия өңірінің өсіп келе жатқан рөлін, өңірдегі трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелерін, терроризм мен есірткіге қарсы күресті, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды талқылады. Сұхбаттастар аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін превентивті дипломатия құралдарын дамыту мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

М. Нұртілеу Қазақстан қауіпсіздік пен орнықты даму саласындағы сын-қатерлерді шешуде Ұйымның көшбасшылық рөлін мойындай отырып, БҰҰ-мен ынтымақтастыққа басымдық беретінін атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстанның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасының өзектілігін атап өтті.

«Біздің еліміз гүлденген және бейбіт аймақ құруға мүдделі. Орталықтың жұмысын оның мандатында белгіленген мақсаттар мен міндеттерді ескере отырып, маңызды және сұранысқа ие деп санаймын», – деді сыртқы саяси ведомствосының басшысы.

Сонымен қатар, М. Нұртілеу сұхбаттасын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан одан әрі демократияландыруға, құқық үстемдігін нығайтуға, сондай-ақ инклюзивті экономикалық өсуге бағытталған кешенді саяси реформалармен таныстырды.

Өз кезегінде, К.Имнадзе Қазақстан мен БҰҰ арасындағы осы жылдар ішінде қалыптасқан көпжылдық әріптестік пен сенімге оң баға беріп, мультилатерализм қағидаттарын ұстанғаны үшін, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастық мәселелеріндегі еліміздің белсенді ұстанымы үшін алғыс білдірді. Орталық Азия елдерінің дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосуға дайын екендігін мәлімдеді.

Анықтама: БҰҰ-ның Орталық Азия үшін Превентивті дипломатия бойынша өңірлік орталығы 2007 жылы өңірдің бес мемлекеті үкіметтерінің бастамасымен құрылған БҰҰ саяси және бейбітшілік мәселелері департаментінің арнайы саяси миссиясы. Штаб-пәтері Түрікменстанның Ашхабад қаласында орналасқан.

Орталықтың негізгі міндеті – Орталық Азия мемлекеттеріне өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке төніп тұрған және ықтимал қатерлерді анықтау мен жоюға жәрдемдесу. Сонымен қатар, Орталық өңірлік және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта мемлекеттер арасындағы әріптестік қатынастарды ілгерілетуге ықпал етеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға