«Silk Way Star» халықаралық вокалдық байқауы мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Еліміз үшін үлкен жоба – «Silk Way Star» халықаралық вокалдық байқауы мәресіне жетті. Аталған жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен China Media Group (CMG) арасындағы келісім аясында жүзеге асырылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында «Jibek Joly / Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған хабарлады.
«Жалпы, жобаның негізгі мақсаты – Жібек жолының бойындағы елдердің мәдениетін байланыстыру, жандандыру. Қыркүйектің 20-сы күні алғашқы бөлім көрермен назарына ұсынылды», – деді спикер баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, Silk Way Star жобасы 10 бөлімнен тұрды. Апта сайын 12 елдің қатысушысы түрлі тақырыпта өнер көрсетіп, өз мәдениетін таныстырды, өз елдерінің әнін орындады. Қазақтың халық әндерін және Қазақстанның жас өнерпаздарының туындыларын шырқады.
Бұдан бөлек, Silk Way Star жобасы Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия, Өзбекстан, Грузия, Армения телеарналарынан көрсетілді. Ал 22 қарашада өткен финал бес елде тікелей эфирде тарады. «Jibek Joly» телеарнасында жоба қазақ тілінде көрсетілсе, Silk Way телеарнасында ол алты тілде ұсынылды.
«Silk Way телеарнасында тікелей эфир сигналымызды алып жатқан сырт елдердің барлығы синхронды аударма арқылы қырғыз, өзбек, ағылшын, түрік тілдерінде жобаны көрсетті», – деді Еркежан Күнтуған.
«Silk Way Star» халықаралық вокалдық байқауының жеңімпазы 22 қарашада анықталды. Байқаудың бұған дейін өткен 9 эпизодында дауыс беруді тек қазылар алқасы жүзеге асырып келсе, 22 қарашадағы тікелей эфир финалында жеңімпаз аралас жүйе бойынша анықталды: 50% — қазылар алқасының бағасы және 50% — онлайн көрермендердің дауысы. Бұл әлемдік ірі конкурстардың талаптарына сай тәсіл.
«Кешегі дауыс беру қорытындысы бойынша өте жақсы, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік деп ойлаймын. Сайттың өзінде 508 287 адам дауыс берген. Оның ең көбі Мишель Джозеф ханымға тиесілі – 112 мың адам. Мадинабону Адылова (Өзбекстан) – 85 мыңнан артық, Чжан Хэ Сюань (Қытай) – 73 мыңнан асады; Язмин Азиз (Малайзия) – 73 мыңнан астам; Саро Геворгян (Армения) – 73 160; Автандил Абесламидзе (Грузия) – 46 мыңнан астам; ALEM (Қазақстан) – 32 мыңнан астам дауыс жинады», – деді «Jibek Joly / Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Дауыс беру қорытындысы бойынша моңғолиялық әнші Мишель Джозеф «Silk Way Star» байқауының алғашқы жеңімпазы атанды.
Келесі жылы халықаралық вокалдық байқау Қытайда өтеді. «Jibek Joly / Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуғанның айтуынша, жоба 12 елмен шектеліп қалмайды. Алдағы жылдары басқа елдер қызығушылық танытса, байқау жеңімпаздың елінде өткізілуі мүмкін.
«Азия елдері көп. Оларды біріктіретін мәдени жоба жоқ. Индонезия, Вьетнам, Үндістан, Пакистан елдері хабарласты. Биыл Жапония қатыспады. Күзде араб елдері байланысқа шыға бастады. Бұл жобаның ауқымы өседі, Silk Way Star Азия елдерін қамтитын жоба болады деп ойлаймын», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Қытайдың CMG медиакорпорациясының Еуразиялық бюросы бас редакциясының меңгерушісі Ван Дэлу «Silk Way Star» байқауына қатысты өз әсерін жеткізді.
«Бұл жолғы байқаудың ерекшелігі неде? Меніңше, әртүрлі елден келген адамдардың Қазақстанда және Қазақстан туралы ән айтуы. Бұл өте жақсы байқау деп ойлаймын. Тіпті бұл тек байқау ғана емес, гуманитарлық шара деп айтуға да болады. Жеті әншінің финалға шығуы да символдық мәнге ие. «Жеті» дегенде ойыма Жетісу мен наурыз көже келеді. Бұл қазақ мәдениетін көрсетуге арналған өте жақсы платформа деп есептеймін», – деді спикер.
Оның айтуынша, финалды әлем бойынша ТВ мен стримингтік сервистерде шамамен 120 млн көрермен тамашалаған.
CMG Еуразиялық бюросы бас редакциясының меңгерушісі Ван Дэлуның айтуынша, желтоқсан айында Қытай медиакорпорациясы қазақстандық әріптестердің тәжірибесін ескере отырып, келесі қадамдарды талқылауға және шешім қабылдауға кіріседі.

