El.kz/Арман МУХАТОВ

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

15.08.2025 18:13

Астанада Азиядағы алғашқы музыкалық «Silk Way Star» байқауы басталады. Халықаралық жобаның басталуына орай «Қазмедиа орталығы» студиясында арнайы баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио Кешені мен CMG медиакорпорациясы ұйымдастырып отырған байқауға 12 ел, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея өкілдері қатысады.

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

Музыкалық сайыстың түсірілімі  2025 жылғы 20 тамызда басталады. Гранд-финал 22 - қараша күні «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасында және байқауға қатысушы елдердің жетекші телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.

Бұл біз үшін жаңа тәжірибе. Мұндай ауқымды жобаны ұйымдастыру мен өткізу үлкен еңбекті, тың шешімдер мен  көзқарасты талап етеді. Осы орайда біздің  шығармашылық топтың креативтілігі, табандылығымен  қатар ерекше құлшынысын атап өту керек. «Jibek Joly» мен «CMG» медиакорпорациясын біріктіретін осы жобаның жемісті боларына сенім зор. Сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын,   мәдениеттің, бейбітшіліктің, музыканың, ұлттық рух мен дәстүрдің елшісіндей талантты өнерпаздарға бірегей  алаң ұсынып отырғанымызға қуаныштымыз. Миллиондаған көрерменімізді тың жаңалықтар және әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын жандардың бір алаңда ұйысқанын тамашалайтын ғажайып сәттер күтіп тұр. Біз достықтың алтын көпірін орнатып, мәдениет арқылы түрлі ұлт  пен елдерді жақындастыратын маңызды миссия атқарып отырмыз, – деді, «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған.

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

Байқауды Азия елдерінің халқы өз тілдерінде көре алады.

Әр елде сол елдің тілінде көрсетіледі. Мысалы біздің елде алғашқы кезең 20 қыркүйек күні эфирге шығады. Содан кейін ол Қытайда қытай тілінде көрсетіледі. Орталық Азия елдерінің телеарнасында сол өз елдерінің тілдерінде көрсетіледі, — дейді «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған.

Оған қоса 12 елден келетін қатысушылар мен қазылар алқасының мүшелері өз елдерінде танымал жұлдыздар және айтулы мамандар екенін атап өтті.

Олар өз елдерінде атақты халық әртістері, музыкалық продюссерлер, танымал тұлғалар. Солардың бәрінің талаптарын ескере отырып, жоба жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр, — деді Еркежан Күнтуған.

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

Қытайдың Медиа корпорациясы (CMG) Еуразиялық бюросының директоры Ван Бинь байқауда өнер көрсететін қытайлық әншінің Димаш Құдайберген сияқты табысты болатынына сенім білдірді.

Қазақстан - біздің ең маңызды, ең жақын көршіміз. Біз көп жылдан бері тығыз ынтымақтастық орнатып, түрлі салада елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Біз тәжірибелі маман басқаратын кәсіби топ құрдық. Ол көптеген жылдар бойы Қытайдың Көктем мерекесіне арналған гала-концерттің бас режиссері болды. Бұл концертті әлем бойынша шамамен 2 миллиард көрермен тамашалайды. Қытайлық қатысушы Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы жетістігіндей табысқа жетеді деп сенеміз. Бұл жоба алдағы маусымды Қытайда өткізуге берік негіз қалайды деп үміттенеміз. Осы мақсатқа жету үшін біз бірлесе еңбектенетін боламыз, - деді  Ван Бинь.

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

Жоба редакторы Қасымхан Алдашев байқаудың ерекшеліктері туралы толығырақ айтып берді.

Жалпы біздің жобамыз 10 бағдарламадан тұрады. Бұл жерде эпизод бір-біріне ұқсамайды. Біз оларды тақырыптарға бөлдік. Музыкалық жоба болғанымен ән мен вокал ғана болмайды, бұл жерде айырықша эксперименттер болады. Шеф-редактор болғаннан кейін барлық құпияны бірден ашқымыз келмейді. Дегенмен, бір-екі қызықты деректі атап өткім келеді. Басқа елден келген қатысушылар қазақтың хит әндерін өздерінің ана тілдерінде орындайды. Яғни, түркіменстандық әнші «Самалтау» әнін өз тілінде орындайды немесе кореялық қатысушылар «Орда» тобының «Кеш мені» әнін корей тілінде орындап, көрерменге ұсынады. Одан бөлек маусым барысында қазақстандық танымал әншілермен бірге дуэт айтатын сәттер бар. Жалпы 7 қатысушы финалға өтетін болады, - дейді Қасымхан Алдашев «Silk Way Star» жобасының редакторы.

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

Халықаралық деңгейдегі байқауда еліміздің намысын Alem (Ninety one тобының әншісі Батырхан Мәлік) қорғайтын болады. Өнер иесі бұл ұсынысты қуана қабылдап, өте үлкен жауапкершілікпен кіріскенін айтып берді.

Бұл – өте үлкен жауапкершілік. Менің байқауларға қатыспағаныма біраз уақыт болды. Жалпы сахнада топпен бірге өнер көрсетіп жүргеннен кейін байқауға қатысуды ұмытып қалыппын. Сондықтан да «Мен бұл жобада өзімді қаншалықты көрсете аламын» деп көп ойландым. Бірақ ұсынысты қуана-қуана қабыладым. Өйткені, еліміздің жалауын әлемдік аренада желбіретіп, көтеру - мен үшін үлкен мәртебе. Осы мүмкіндік үшін көп рахмет. Жобада өзімнің барымды салып тырысамын. Тек қазақ тілінде емес, бірнеше тілде ән орындаймыз. Қатысушылардың ішінде әлемдік байқауларда бақ сынап жүрген грузиялық қатысушыны танимын, ол – өте мықты өнерпаз. Қарсыластардың бәрі де мықты. Дегенмен, шығармашылық деген объективті нәрсе емес, кімнің мықты екеніне баға беру мүмкін емес, сондықтан, бұл жерде жалпы үлкен деңгейдегі мерекелік шара болады деп сенемін, - дейді Alem.

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

Байқауға қатысатын өнерпаздардың есімдері жария болды:

Чжан Хэсюань – Қытай, «Жаңа ер әнші» премиясының лауреаты, The Voice of China жобасының қатысушысы;

Тамга – Қырғызстан, рэп және R&B орындаушысы, «Майда» хитінің авторы;

Фахриддин Хакимов – Тәжікстан, Ресей дауысы ("Голос") және X-Factor Беларусь жобаларының қатысушысы;

Саро Геворгян – Армения, Жаңа толқын 2021 байқауының жеңімпазы;

Сабина Заде – Әзербайжан, әнші әрі актриса, "Әзербайжан дауысы" жобасының жартылай финалисі;

Мадинабону Адылова – Өзбекстан, джаз ансамбльдерінің солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты;

Kandis – Оңтүстік Корея, әйелдерден құралған R&B/нео-соул/хип-хоп тобы, Playground альбомының авторлары;

Автандил Абесламидзе – Грузия, X Factor Georgia мен Voice of Astana жобаларының жеңімпазы;

Довран Шаммыев – Түрікменстан, әнші әрі композитор, «Алтын Асыр» сыйлығының лауреаты;

Мишель Джозеф – Моңғолия, Dulaan Baina және Bundan Ulaan клиптерінің авторы;

Yazmin Aziz – Малайзия, халықаралық байқаулардың лауреаты, Mobile Legends ойынына арналған Kita Rockstar әнұранының авторы;

ALEM (Батырхан Маликов) – Қазақстан, әнші және композитор, Ninety One тобының мүшесі, "Қазақстан дауысы" жобасының финалисі және X-Factor жартылай финалисі.

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

Айта кетейік, «Silk Way Star» – әлемдік музыкалық индустриядағы жарқын құбылыс болмақ әрі Ұлы Жібек жолы бойындағы елдер мен халықтардың мәдени құндылықтарын паш етеді. Байқауға қатысушылар әр елдің мәдениетіне тән музыкалық стильдердің алуандығын, дәстүрлердің, әуендер мен орындау мәнерінің ерекшелігін көрсетеді.

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы арасындағы халықаралық «Silk Way Star» жобасын құру туралы келісім аясында жүзеге асады.

Аталған келісімге  2025 жылы 16 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға ресми сапары барысында, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қытай көшбасшысының қатысуымен қол қойылған болатын.

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды

«Silk Way Star»: Астанада 12 елдің өнерпазы бақ сынайды