Шымкенттік 50 мемлекеттік қызметкер букмекерлерге 400 миллион теңге ұтылған
Шымкентте құмар ойынға құнығып бәс тіккен 50 мемлекеттік қызметкер жұмысынан айырылуы мүмкін. Олар бір жыл шінде букмекерлік кеңсеге 400 миллион теңге ұтылған екен, деп хабарлайды El.kz интернет порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қисапсыз қаржының құмар ойынға кетіп жатқанын Шымкент прокуратурасы анықтаған. Олар арнайы талдау кезінде лудомания дертіне шалдыққан мемлекеттік қызметкерлердің тізімін жасапты.
Заң бойынша олардың бәс тігіп казиноға баруына тыйым салынған. Сондықтан қызметте болса да құмарын жеңе алмай жүргендер шетінен жылы орнымен қоштасады.
Талдау нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органға қадағалау актісі енгізіліп қаралып жатыр. Өзгерістер енгізілген заң талаптарына сәйкес, ол жерде қызметкермен еңбек шартын бұзу тәртібі қарастырылған, - дейді Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары Бекжан Құлатаев.

