Шымкенттегі Президент резиденциясы енді балалар лагері болады
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шымкенттегі Президент резиденциясы жаңа оқу жылынан бастап дарынды балаларға арналған лагері болады. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тамыз педагогикалық кеңесінде айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл лагерьде олимпиада жеңімпаздары, үздік оқушылар, өнертапқыштар мен ғылымға құштар және мәдениет пен өнерде ерекше жетістіктері бар балалар бас қосып, шеберліктерін ұштауға мүмкіндік алады.
Қала әкімдігі лагерь жыл бойы тұрақты қызмет ететінін атап өтті. Әр ауысымда 50-60 бала қамтылып, жылына 2500-ге жуық жас дарын ерекше бағдарламамен тәрбиеленеді.
Балаларға арналатын сауықтыру нысанында заманауи жабдықтар қойылып, қауіпсіздік талаптары толық қамтамасыз етіледі және барлық қажетті жағдай жасалады. Сонымен қатар лагерьде жатын бөлмелері, оқу және мәдени залдары, спорт алаңдары, экологиялық таза аула, кітапхана мен медпункт қарастырылған.
Шымкент әкімінің айтуынша, бұл бастама – Мемлекет басшысының жастарға деген қамқорлығын іске асыра отырып, еліміздің келешек көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам.

