Жаңалықтар

Шымкенттегі балалар ауруханасына тәулігіне 500-ге жуық науқас жүгініп, 30 ота жасалады

Шымкенттегі балалар ауруханасына тәулігіне 500-ге жуық науқас жүгініп, 30 ота жасалады
Фото: © El.kz 11.05.2024 16:30 6085

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасына тәулігіне 450-500-ге дейін бала медициналық көмекке жүгінеді. Медицина мекемесінде күніне 30-ға жуық операция жасалынады. Мұндай деректі клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Динара Жұмаділова денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына бойынша өткен брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

2018 жылы Шымкент қаласы республикалық маңыздағы қала статусына ие болып, Түркістан облысы құрылған соң қалалық клиникалық балалар ауруханасында кезең-кезеңімен даму жоспары құрылған.

Бас дәрігердің айтуынша, жоспарға сәйкес жоқ мамандарды оқыту, сонымен қатар мекемеде жоқ медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және ауруханада жоқ бейіндерді ашу бойынша жоспар түзіліп, бұл жоспар биыл 2024 жылы сәтті аяқталып отыр.

Жалпы бүгінгі таңда Шымкент қаласында 18 жасқа дейін тұрғындар саны - 470 мыңға жуық. Қалалық клиникалық балалар ауруханасы оларға жоспарлы және жедел медициналық көмек көрсететін жалғыз медицина мекемесі болып табылады.

Қабылдау бөліміне тәулігіне 450-500-ге дейін бала медициналық көмекке жүгінеді. Күніне 450-495-ке дейін науқас стационарлық көмек алады. Сонымен қатар біздің мекемеде тәулігіне 27-30-ға дейін операция жасалады. Екі корпустан құралған ауруханада 495 төсек-орын бар. Естеріңізде болса, пандемия кезінде COVID инфекциялық орталығы ашылған болатын. Сол нысан былтыр клиникалық балалар ауруханасының қолданысына берілді. Нәтижесінде бізде төсек-орын саны артып, орын тапшылық мәселесі шешілді,-деді бас дәрігер Динара Жұмаділова.

(Фото: facebook.com)

Спикердің айтуынша, медицина мекемесінде тәуліктік жарақат бекеті мен 20 төсек-орынға арналған күндізгі стационар жұмыс жасайды. Бір кезекшілікте 13 дәрігер екі бригада болып науқастарға қызмет көрсетеді.

Шыны керек, қол жеткізген нәтижелеріміз өте көп, әрине. Мәселен, бүгінгі таңда бізде қымбат тұратын операциялар жасалынып жатыр. Мамандарымыз алыс-жақын шетелдерде білімін жетілдірді. Атап айтатын болсам, денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен қызметкерлеріміз Израиль, Түркия елдерінде білімін жетілдіріп келді. Ал аурухана бюджеті есебінен Германия елі мен Санкт-Петербург қаласында білімін шыңдап келді. Тағы бір айта кетерлігі, аурухана бюджеті есебінен 9 дәрігеріміз резидентурада оқып, қазіргі таңда өз жұмысын атқарып отыр,-деді Динара Ақәділқызы.

Бас дәрігер өз сөзінде ауруханаға түсетін арыз-шағымдар туралы да айтып өтті. Оның мәліметінше, клиникалық балалар ауруханасы жедел медициналық көмек көрсетілетін мекеме болған соң шағым жиі түседі.

Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әрбір шағым бас дәрігер деңгейінде талқыланады. Кейбір шағымдардың төркініне мұқият тоқталып, көрсетіліп жатқан медициналық  көмектің сапасы, дәрігерлер жоқтығы деген сияқты шағымдар көптеп түсуіне байланысты біз былтыр тәуліктік нейрохирургиялық бекет аштық. Сонымен қатар науқастардың талабы бойынша ауруханада тәуліктік ЛОР дәрігерінің (оториноларингоолог: автор) бекетін аштық. Бұдан өзге ультрадыбыстық зерттеулерге қатысты шағымдар туындағаннан кейін оны дер кезінде шешу мәселесін көтеріп, аурухана тәуліктік ультрадыбыстық зерттеумен қамтамасыз етілді,-деді аурухана бас дәрігері Динара Жұмаділова.

Тағы бір атап өтерлігі, қалалық клиникалық балалар ауруханасында МРТ (магниттік-резонанстық томография), КТ  (компьютерлік томография) аппараттарын пайдалану 24 сағат бойы қолжетімді болып отыр.

Динара Жұмаділованың айтуынша, келіп түскен арыз-шағымдарға аурухана деңгейінде тез әрекет ету және оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында былтыр қыркүйек айында мекемеде Call-орталық ашылған. Бұл орталық тәулік бойы үзіліссіз қызмет көрсетеді. Кез келген науқас баланың ата-анасы не туыстары өздері тап болған проблемаларға қатысты шағымдарды сонда түсіреді алады.

Шымкентте денсаулық сақтау саласындағы барлық медициналық ұйымда жалпы 28 комплаенс-офицерлері тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.

Барлық медициналық мекемедегідей біздің де ауруханада офицер-комплаенс жұмыс жасайды. Мақсаты - жемқорлыққа тәуелділік қауіптілігін анықтау. Яғни, олар ай сайын белгіленген өздерінің жұмыс жоспары мен кестесіне сәйкес аурухананың барлық бөлімшесінде ата-аналармен сауалнама жүргізіп, ол жердегі арыз-шағымдар қабылданып, дер кезінде өзінің шешімін тауып жатыр. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінде былтыр 6 арыз-шағым тіркелген. Оның бесеуі негізсіз, біреуі шартты түрде негізді болып қорытындыланды. Алайда біз шартты түрде негізді боп танылған шағыммен келіспей, арыз түсірдік. Қазіргі таңда сот процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар 109 орталығына 74 хабарлама келіп түскен. Оның 42-і арыз-шағым болып тіркеліп, 32-сі алғыс,-деді бас дәрігер.

Айта кетейік, Шымкентте бүгінгі таңда ана мен бала өлімі азайған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков ұсынған статистикалық дерекке сүйенсек, нәресте өлімі 7,1-ге түскен. Бала өлімінің көрсеткіші 1000 тірі туған балаға шаққанда дерекпен анықталады. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейін анықтау үшін қолданылады.

2021 жылы бұл көрсеткіш 8,5 болса, 2022 жылы 8,1-ге түсті. Өздеріңіз де динамиканы көріп отырсыздар. Ал былтыр оны 7,1-ке түсіріп, қуанып отырмыз. Әрине, мұның бәрі емханалар, перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханасындағы мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесі деуге болады. Ал ана өліміне келсек, былтыр бізде ана өлімі болған жоқ. Бірақ тұрақты мекенжайы бойынша қалада тіркелген бір анамыз басқа өңірде көз жұмған. Ал биыл өкінішке қарай бір ана қайтыс болды. Әрие, бұл жағдай үшін біз өте қатты өкінеміз. Мұндай жағдай болмас үшін барынша жұмыс атқарудамыз,-деді басқарма басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға