Жаңалықтар

Шымкентте жоғалған екі оқушы аман-есен табылды

Шымкентте жоғалған екі оқушы аман-есен табылды
Фото: polisia.kz 26.09.2023 11:26 497

Шымкентте жоғалған екі оқушы табылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Екі жағдайда да жасөспірімдер ата-анасынан жасырын түрде кешкі уақытта ғашықтарымен серуендеуге шыққан. Үлкендер романтикалық қарым-қатынас орнатуға тыйым салған соң, жас қала тұрғындары осындай қадамға барған.

Тұран ауданының тұрғыны 15 жастағы қызымен хабарласа алмай жатқанын айтып, полицияға шағымданған. Біраз уақыттан кейін тәртіп сақшыларына тағы да осындай қоңырау түсті. Бұл жолы жоғалған жігіттің анасы дабыл қаққан.

Балаларды іздестіру жұмыстарына Тұран аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдері, учаскелік инспекторлар мен ювеналды полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Қызметкерлер жастар көп жиналатын орындарды: саябақтарды, ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтарды тексерді. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын қарап шықты.

Нәтижесінде жасөспірімдер аман-есен табылып, отбасыларына қайтарылды. Ата-аналар полицейлерге көрсеткен қызметі үшін шынайы алғысын білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға