Жаңалықтар

Шымкентте жаңадан ашылған оқушылар сарайына еш жерде тіркелмеген балалар ғана қабылданады

Шымкентте жаңадан ашылған оқушылар сарайына еш жерде тіркелмеген балалар ғана қабылданады
Фото: ©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ 29.06.2023 13:31 2203

Шымкентте қала күні мерекесіне орай лентасы ресми қиылған оқушылар сарайы балаларды қабылдап жатқан жоқ. Үйірмелер бос тұр. Себебін білу үшін El.kz ақпарат агенттігі ақпараттық порталының сол өңірдегі тілшісі  мекеме директорына арнайы жолығып, шешілмеген мәселелермен танысып қайтты.

Шымкенттің Арғынбеков көшесі бойында бой тіктеген су жаңа оқушылар сарайын осыдан бір апта бұрын шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің өзі арнайы  барып ашты. Кескін-келбеті сәулетімен келіскен ғимаратта 7 бағыт бойынша 35 түрлі үйірме бар. Бір күнде 4 ауысымнан 2000-ға дейін оқушыны қосымша біліммен қамту мүмкіндігі қарастырылған. Алайда ата-аналар арада бір жеті өтсе де балаларын орталыққа жаздыра алмай отырғанын айтады. Солардың бірі - Сандуғаш Мұсабекова. 9 және 11 жастағы ұлы мен қызының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін шахмат пен боксқа қатыстырғысы келген.

Шымкентте жаңадан ашылған оқушылар сарайына еш жерде тіркелмеген балалар ғана қабылданады

Қатысу үшін «Mindal» қосымшасы арқылы өтініш білдіруіміз керек. Құжаттарды өткізейін десем, қабылданбайды. Себебін білуге әрі кеңес алауға осындағы мамандарға келгем. Сөйтсем қосымшада үйірмелер әлі ашылмапты. Жалпы бізге Нұрсәт жақын, Тассай тұрғын алабында тұрамыз. Жаңа оқушылар сарайы ашылды дегенде қуанышымда шек болмады. Амал жоқ енді тіркелу уақыты ашылғанын күтеміз, - дейді ол.  

Мән-жайға қанығу үшін оқушылар сарайына кірдік. Басшылық алдымыздан шығып күтіп алды.

Үш қабатты нысанның іші де кең екен. Ерекше дизандайнда жасалған, заманауи жабдықтармен 100 пайыз жарақталған. Ақын-жазушылардың, алаш қайраткерлерінің фото көрмесі қойылған. Кітап оқитын, сурет салатын арнайы бұрыштар да заман талабына сай реңкпен боялған. Журналист болған соң бізді екінші қабаттағы медиа орталық қызықтырды. Дыбыс жазу студиясы, мобилография, SMM үйренуге арналған фото-видео кабинеттері, брифинг пен баспасөз мәслихатын өткізуге қолайлы орта, дебат клубын дамытуға арналған сенсорлы сынып және сыртында «сөйлеу өнері» деп жазылған шешендік өнерге, журналистикаға баулитын кабинеттер соңғы сападағы құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Бұдан бөлек бассейн, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдары орналасқан. Ал, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау үйірмелері жұмыс істемек. Сондай-ақ балалар футбол, баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады.

Оқушылар сарайының ерекшелігі – ғимараттың үшініші қабатында ғылыми-техникалық құрылым қаралған. Онда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, моториканы дамыту үйірмелері ашылған.

Директор Данияр Егізбаевтың айтуынша, №2 оқушылар сарайының ерекшелігі - ғылыми-техникалық бағытты дамытуға басымдық берген, осы салада жетістікке жететін шәкірттерді көптеп тәрбиелеу дейді ол.

Алайда оқушыларды бейімдейтін, жаңа технологияға үйретіп, бағыттайтын кәсіби кадр табу қиын. Санаты жоғары, тәжірибесі мол, шетелде жүріп, ширыққан мамандарды тартуға тырысып жатырмын. Олардың 8-10 сағат осы жерде жүруі маңызды емес, негізгі жұмысына қосымша сағат етіп алса да қуанар едік. Себебі Шымкентте соны технологиямен шәкірттерді оқыта алатын білікті кадрлар тапшы. Осы себепті арнайы қосымшаға нақты бекіткен 35 үйірмені толық енгізе алмай отырмыз. Оны енгізбеген соң ата-аналар балаларын тіркей алмайды. «Mindal» қосымшасына кіргенде бірінші сабақ беретін ұстаздың немесе тренердің аты-жөні сұралады. Оның аты-жөнін енгізу үшін оған шығарылған бұйрықты енгізуіміз керек. Техникалық тұрғыдан толық ашылдық, енді білікті мамандарды жұмысқа тарту жұмыстары біртіңдеп жүзеге асырылып жатыр,-дейді Данияр Дүйсенбайұлы.

Шымкентте жаңадан ашылған оқушылар сарайына еш жерде тіркелмеген балалар ғана қабылданады

Данияр Дүйсенбайұлы тағы бір жайтты ата-аналарға ескеру қажеттігін айтты.

Mindal қосымшасы – баланың есебін біліп отыру үшін, жаны басына балалар қалай қамтылып отырғанын білу үшін қойылған. Artsport-та тіркеліп тұрған балалар бұл жаққа тіркеле алмайды, яғни олар қамтылмайды. Кейбіреуер Artsport-тан шығу қажет пе деп сұрап жатады. Оған біз шық деп міндеттей алмаймыз. Негізгі міндетіміз еш жерде тіркелмеген балаларды арнайы үйірмелермен қамту, ешқандай бала шетте қалып кетпеу керек,-дейді мекеме басшысы.

Қазіргі таңда тренерлердің 85-95 пайызы дайын, шәкірттерді жаттықтыру үшін спорт шеберлері тартылыпты. Әзірге дайын үйірмелер қосымшаға енгізіліп, шілденің 1-і мен 15-і аралығында өтініштер қабылданбақ. Қалғаны қыркүйек айына дейін біртіңдеп жүзеге асырылмақшы.

Бассейнмен қамту - ең бірінші сұраныста тұр. Одан соң таэквандо және бокс. Жаттықтырушылар шілденің 20-сынан бастап жұмысқа кіріседі. Данияр Егізбаевтың айтуынша, бассейнге сағатына 25 бала 2 мезгіл 4 сағаттан түсе алады. Сонда 400 баланы қамтуға мүмкіндік туады.

Үлкен бассейннің жанында тағы кішкентайын жасағанбыз, соған ерекше балаларды қабылдасақ деп отырмыз. Паралимпиадамен айналысатын спорт шеберлерін тарттық, болашақта бұл орталықтан чемпиондар шығады деп үміт артып отырмыз,-деді ол.

Президент тапсырмасына қатысты Шымкентте бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Қалалық білім басқармасының берген мәліметінше, су жаңа оқушылар сарайының құрылысына 8,3 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Үшінші мегаполисте дәл осындай тағы 4 нысан алдағы үш жылда салынатын болады. Қазіргі кезде Тұран шағын ауданында заманауи оқушылар сарайының ғимараты тұрғызылуда, оған бөлінген қаражаттың жалпы құны 9,4 миллиард теңгені құрайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға