Жаңалықтар

Шымкентте жаңа конгресс-холл пайдалануға берілді

Шымкентте жаңа конгресс-холл пайдалануға берілді
Фото: Шымкент қалалық әкімдігі 20.06.2024 01:18 807

19 маусым - Шымкент қаласының күні. Осыған орай үшінші мегаполисте қызғалдақты бейнелейтін TULIP HALL ашылды. Жаңадан ашылған конгресс-холда алғашқы мерекелік жиын өтіп, оған шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысты. Қаланың өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен бірқатар азаматтарға «Құрметті азамат» атағын беріп, арнайы алғыс хаттармен марапаттады деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Салтанатты іс-шара «Шымкент: Кеше. Бүгін. Ертең» тақырыбында қойылған көрмені тамашалады. Одан кейін арнайы мерекелік концертпен ұласты. Сахнаға шығып, сөз алған қала әкімі әуелі жиылғандарды қала күнімен құттықтап, өлшеусіз еңбек еткен әр саланың майталмандарына алғысын білдірді.

-Шырайлы шаһарымыздың бүгінгі шуақты мерекесі – қала күні құтты болсын! 2200 жылдық тарихы бар қаламыз даму шежіресін алтын әріптермен жазып келеді. Қаламыздың келбеті жылдан-жылға ажарланып, экономикасы өрлеп, халықтың әл-ауқаты артуда. Жаңа идеялар мен жоспарлар, ауқымды инвестиция миллионды қаланың дамуына жаңа серпін беріп отыр. Игіліктің барлығы – сіз бен біздің ортақ еңбегіміз. Өз еңбегімен, күшімен және талантымен қаламыздың дамуы мен әл-ауқатына өлшеусіз үлес қосқан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын, - деді Ғабит Сыздықбеков.

Бұдан соң қала басшысы бірнеше азаматты Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» атағымен марапттады. Олардың қатарында Орынбай Рахманбердиев, Досыбай Шерімқұлов, Асма Қалыбекова, Момбек Әбдіәкімұлы, Серікбай Онбаев сынды белгілі тұлғалар бар.

Бұлардың қай-қайсысы да Шымкенттің тарихын қалыптастыруда жасаған еңбегі зор. «Бұған дейін еленбей, ескерілмей қалып кете беруші едік. Бұл жолы да марапатты күтпедім. Бірақ, құрметімді асырып, алғысын білдірген жандарға рақметтен басқа айтарым жоқ. Елеп-ескерілген сайын жауапкершілігім арта түспек, бұған дейін жасаған еңбегімнен асырып, әлі талай шаруа атқаруым тиіс. Ал бүгінгі конгресс холдың дизайны басқалардан қарағанда мүлдем ерекше. Сыртының өзі қандай? Қаламыздың символын көрсетіп тұр, - деді Баян Жандосова.

Иә, ғимараттың дизайны шынында да заман талабына сай, айрықша жасалған. Tulip Hall атауының өзі де – ағылшын тілінен аударғанда «қызғалдақ» деген мағынан білдіреді. Нысанның жалпы ауданы 5,24 гектарды құрайды. Жобасы 2021 жылы бекітіліп, құрылыс жұмысы былтыр басталған болатын. Ал ғимараттың ауданы 17 964 шаршы метр, үш қабаттан тұрады. 2066 орынға арналған. 190 адамдық конференция залы бар. Мердігер мекеме – BI Global. Құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, қала күніне орай ел игілігіне берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға