Жаңалықтар

Шымкентте үздік тауар өндірушілердің өңірлік іріктеуі басталды

Шымкентте үздік тауар өндірушілердің өңірлік іріктеуі басталды
Фото: ©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ 17.06.2023 11:01 616

Шымкент қаласында «Қазақстанның үздік тауары - 2023» өңірлік іріктеуі басталды. Екі күнге жоспарланған көрме-байқау Арбатта ашық аспан астында ұйымдастырылған. Онда азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясының 70-тен астам тауар өндірушілері өз экспозияцияларын орналастырса, ң оннан астам кәсіпкер бұл байқауға алғаш рет қатысып отыр. El.kz ақпарат агенттігінің Шымкенттегі тілшісі жергілікті кәсіпкерлер өндірген өнім түрлерімен танысып шықты.

Шымкентте үздік тауар өндірушілердің өңірлік іріктеуі басталды
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Республикалық байқаудың бүгін алғашқы іріктеу күні. Күннің ыстығына қарамастан, көрмеге қойылған экспонаттарды көруге келген халық аз емес. Олар көрмені тамашалап қана қойған жоқ, өздеріне ұнаған тауарларды сатып алуда. Солардың бірі - Елена Сламонова. Оны ешкі сүті мен ешкі сүтінен жасалған ірімшік қызықтырды.

Шымкентте үздік тауар өндірушілердің өңірлік іріктеуі басталды
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Шымкент плазадан көйлек-көншек көруге келгем, бірақ Арбатта тұрған мына өнімдерді көріп осында бұрылып кеттім. Атын естісек те затын шетелде шығады деп ойлаған бірнеше тауар түрлерімен таныстым. Мысалы, «Nektar natural» - көптеген дертке дауа шөп шәрбаты. Оны Ресей өнімі деп жөтелге, бронх ауруларына пайдаланып жүргем, сөйтсем өзімізде Шымкентте шығады екен. Сол сияқты ешқандай қоспасыз, табиғи ешкі сүтінен жасалған өнімдерді көріп қалып, сатып алудамын,-дейді қала тұрғыны.

«Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқауына Шымкент қаласының жаңадан бастаған және бұрыннан танымал отандық тауар өндірушілері қатысуда. Көрме арқылы ірі компаниялар ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдері де өздерін таныта алады.  

Шымкентте үздік тауар өндірушілердің өңірлік іріктеуі басталды
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, Шымкент республикалық маңызы бар қала болғандықтан экономика дамуында үлкен серпіліс орын алды. 5 жылдың ішінде өндіріс көлемі 2 есеге артқан. Жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істесе, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылған. Өндіріс алаңында 358 млрд теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

Осындай ірі жобалардың бірі – күніне 50 тонна кір сабын шығаратын «Аль-Абай» ЖШС, мемлекеттен арнайы көмектер алып, өндірісін өркендетіп отыр. Қазақстан нарығынан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне өнімін экспортқа шығарады. Шикізатты сырттан тасымалдамайды, барлығы өзіміздің өнім, - дейді Мақсұт Исахов.

Шымкентте үздік тауар өндірушілердің өңірлік іріктеуі басталды
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Ал «Құрақ» компаниясы осы брендпен қазақы нақышта жасалған, ешбір елде баламасы жоқ трансформер жиһаздарын шығарады. Ешбір жерде табылмайтын бұл заттар бір қарағанда кәнігі чемоданға ұқсайды. Ерекшелігі сол – бұл заттар диван, жастық, тіпті сандықтың да рөлін атқарады. Идея авторы мұндай жиһазды жасап шығару үшін 4 жыл уақыт кеткенін айтады.

Шымкентте үздік тауар өндірушілердің өңірлік іріктеуі басталды
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Үйде кәдімгі көрпешеде бүйрегім ауырып жатқанмын. Содан ойланып жатып идея келді, неге көрпешені қабырғаға қоймасқа дедім. Сол көрпешені ойлап, кәдімгі картон қағазбен төрт бұрышты етіп жасап, соларды құрастырып-құрастырып жасап көрдім. Бірінші столы, кейін жастығы, көрпеше пайда болды. Былайша айтқандай, мен емес, идея мені тапқан сияқты. Өзі солай құралған соң атын да «Құрақ» деп қойдым. Ойлап шығаруға 4 жыл жұмсағаныммен сол уақыт зая кетпеді. Мемлекеттен қайтарымсыз 5 ммиллион грант алдым. Шағын цех ашу үшін де жергілікті әкімдік қолдау танытты,-дейді Ерлан Сағынтаев.  

Қазіргі кезде сұраныс көп, әсіресе Алматы, Астана, Қарағанды қаларынан тапсырыстар жиі түседі екен деп отыр.

Бүгінгі байқауда сараптамалық комиссия үш номинация бойынша конкурс дипломанттарын таңдайды. Олар – халық тұтынатын үздік тауарлар, өндірістік мақсатты үздік тауарлар және үздік азық-түлік тауарлары. Бағалаудың негізгі критериі өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі болмақ.

Шымкентте үздік тауар өндірушілердің өңірлік іріктеуі басталды
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Айтып кетейік, іс-шара аясында көрме жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталып, жыл соңында Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары - 2023» республикалық байқауына жолдама алады. Сондай-ақ, «Мен кәсіпкер» жобасы аясында «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтеді. Ұйымдастырушылар жобаға қатысушыларға Шымкент қаласының әкімдігі, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен кәсіпкерлер палатасы тарапынан жергілікті брендтерді құруда нақты көмек көрсетіліп, халықаралық және республикалық сауда алаңдарына шығуға маркетингтік сүйемелдеулер жасалынатынын айтып жеткізді.

Шымкентте үздік тауар өндірушілердің өңірлік іріктеуі басталды
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға