Жаңалықтар

Шымкентте тұрғындар көптен күткен демалыс аймағы пайдалануға берілді

Шымкентте тұрғындар көптен күткен демалыс аймағы пайдалануға берілді
Фото: Видеодан кадр 30.06.2024 15:28 698

Шымкентте халық көп шоғырланатын жерлердегі екі серуен аймағы пайдалануға берілді. Оның бірі – жылдар бойы қараусыз қалған «Көл» демалыс аймағы, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің мәліметінше, «Көл» жасанды су аумағын қалпына келтіру жұмыстары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асқан. Мұнда 950 шаршы метр жерге  бетон төселіп, 350 шаршы метр
гранит жаңаланған.

Қаланы аралау барысында жергілікті тұрғындар "Көл" атап кеткен жасанды су қоймасын аштық. "Көл" жылдар бойы қараусыз қалды. Менің тапсырмам бойынша мамандар нысанды қалпына келтіруде ауқымды жұмыстар атқарды.Түбін тазалап, айналасын абаттандырып, көгалдандырды. Жарық жүйелерін жүргізіп, су қоймасын толтырды. Субұрқақтар іске қосылды. Қала тұрғындарын қоқыс тастамауға, тазалықты сақтауға және аумаққа ұқыпты ұстауға шақырдым,-деп жазды желі парақшасында қала басшысы.

Бұдан өзге қалада балалар темір жолының аумағы серуен аймағы ретінде ел игілігіне пайдалануға берілді. Ағаштары бүлініп, жолдары кедір-бұдыр болып, қараусыз қалған аумақ енді заманауи үлгідегі серуен аймағы болып отыр.  

Тұран ауданында қала тұрғындары мен қонақтарын шоғырландыратын тағы бір орынды аштық. Осыған дейін балалар темір жолының қазіргі жағдайын жан-жақты зерттеп, жауаптыларға жаңа серуендеу аймағын құру тұжырымдамасын дайындауды тапсырғанмын. Жоба бірінші кезекте қала халқының белсенді демалысына бағытталған және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да іске асырылды. Спорт шағынауданында жүгіру және велосипед жолдары, воркаут-алаңдары бар,-деп жазды Ғабит Сыздықбеков.

Дендрологиялық саябаққа дейінгі серуендеу аймағының ұзындығы шамамен 6 шақырымды құрайды.

Шаһар басшысының мәліметінше, мұнда алдағы уақытта тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігі және жайлылығын қамтамасыз ету үшін бейнекамералар орнатылады. Сонымен қатар туристік полиция тәулік бойы патрульдейтін болады. 

Нысанның тарихи келбетін сақтай отырып, бірінші және соңғы станциялардағы станция мен вагондар жаңартылатын болады. Сондай-ақ жақын арада мұнда тұрғындарымыздың игілігі үшін кофеханалар ашылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға