Жаңалықтар

Шымкентте соғыс ардагерлеріне пәтер кілттері табысталды

Шымкентте соғыс ардагерлеріне пәтер кілттері табысталды
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі 09.05.2024 20:15 760

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков Жеңіс күнінде соғыс ардагерлері Мұратәлі Төлепбергенұлы мен Нина Мосуноваға Мемлекет басшысының арнайы жолдаған Алғысын жеткізіп, пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мегаполис басшысы аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатынын айрықша атап өтті.

Біз Жеңістің құндылылығын ешқашан ұмытпаймыз және бостандық үшін қаза тапқан батырлардың жарқын жадына тағзым етеміз. Сіздердің бойларыңыздағы ерлік пен ұлы рух, батылдық пен батырлық болашақ ұрпақ үшін табандылық пен патриотизмнің лайықты үлгісі болып табылады, - деді Ғабит Сыздықбеков.

Ғасыр жасаған қарт майдангерлер шексіз ризашылықтарын білдіріп, шынайы алғысын жеткізді.

Айта кетейік, бүгін Шымкентте Жеңіс мерекесі айрықша салтанатымен аталып өтті. 

Қала басшысы соғыс ардагерлерімен бірге «Даңқ мемориалына» гүл шоғын қойып, соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Шаһар тұрғындары да «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жеңістің 79 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемі 1 329 120 теңгеден 2 000 000 теңгеге дейін артты. Сондай-ақ соғыс  ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 166 140 теңге төленді. Бұған дейін олар 132 мың теңге алған. Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетілді. Өткен жылы оларға 41 400 теңге төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге ұлғайтылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға