Шымкентте соғыс ардагерлеріне мерейтойлық медаль мен көлік кілттері табысталды
Шымкентте Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында батырлардың ерлігіне тағзым жасалып, құрмет көрсетілді. Бүгінде қалада тек екі жауынгер - Нина Мосунова және Мұраталы Төлепбергенұлы тұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ардагерлерді атаулы күнмен құттықтап, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медальдарын табыстап, Мемлекет басшысы мен ҚР Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хаттарын оқыды. Майдангерлердің құрметіне аулаларда жеке шерулер ұйымдастырылды. Әр ардагерге жаңа көліктердің кілттері табысталды.
Қала әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Нина Мосунова 1924 жылы 9 наурызда Ресей Федерациясының Татарстан өңіріндегі Урустамак ауылында дүниеге келген.1942 жылы өз еркімен әскер қатарына алынып, Қазан қаласында телеграфист мамандығын меңгеріп, кейін Горький қаласында осы салада жұмыс істеген. 1943 жылы майдан шебіне аттанып, Можайск маңындағы шайқасқа пулеметші ретінде қатысқан. 36-шы әскери бөлімнің «Зенит» бригадасында қызмет атқарып, радистер бөлімінің командирі болған. Соғыстан кейін Башкириядағы Октябрьск қаласында кассир болып еңбек еткен.
1948 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Шымкент қаласында кітапханашы болып жұмыс істеген. Ал 1967 жылы «КазЮгвзрывпром» мекемесінде хатшы-машинист қызметін атқарды. Жауынгерлік ерлігі үшін «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Бүгінде Нина Егоровна — бір баланың анасы, екі немеренің және бес шөберенің ардақты әжесі.
Қос батырдың бірі Мұраталы Төлепбергенұлы 1925 жылы Жаскешу ауылында дүниеге келген.
Жас сарбаз 1943 жылы небәрі 18 жасында қолына қару алған. Соғыс жолы Брест қамалынан басталып, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенберг және Перлеберг секілді қалаларды азат ету шайқастарымен жалғасады. Жауынгер Жеңісті Германияның Биттенберг қаласында қарсы алады. Елге тек 1950 жылы оралды. Майдан даласындағы естеліктер – оның жадында мәңгі сақталып қалды.
Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде трактор бригадасын басқарды, есепші болды, фермада басшылық қызмет атқарды. Екі ұл мен алты қыз тәрбиелеп өсірген абыз қария бүгінде 21 немере мен 3 шөберенің атасы. Ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, сондай-ақ «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» сынды бірнеше медальдармен марапатталған.

