Жаңалықтар

Шымкентте қоғамдық көліктердегі бейнекамераларды полицейлер бақылап отырады

Шымкентте қоғамдық көліктердегі бейнекамераларды полицейлер бақылап отырады
Фото: Шымкент қ. Полиция департаменті 12.01.2024 03:15 712

Шымкентте енді қоғамдық автобустардағы бейнебақылау камералары жедел басқару орталығына қосылады. Нәтижесінде қоғамдық көліктердегі жағдайды полицейлер тікелей бақылап отырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шымкент қаласының Полиция департаментінде қоғамдық көліктерде тәртіп пен қала көшелерінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жиналыс өтті. Жол қауіпсіздігі, жолаушылар мен жүргізушілердің өзекті мәселелері қаралған кездесуге жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері, қаладағы 11 көлік компаниясының өкілдері мен аталған департаменттің басшылық құрамы қатысты.

Оқи отырыңыз: 

Полиция мәліметінше, жиында автобустарды толық бейнебақылау камерасымен қамту, оны тікелей жедел басқару орталығына қосу тақырыбы қозғалды. Сонымен қатар жүргізушілердің жолаушылармен қарым-қатынасын реттеу, қоғамдық көлікті сергек күйде басқару үшін ауысым арқылы жұмыс уақытын 8 сағаттан асырмау және автобустардың соңғы аялдамасын талапқа сай жасау барысы сөз болды. Осы орайда жүргізушілер тарапынан жол ережесін қатаң сақтау мәселелері де талқыланды.

Кездесу барысында көлік компанияларының өкілдеріне қоғамдық көліктердегі келеңсіз жағдайлар туралы ескертіліп, сондай-ақ пікірлер алмасып, бірқатар ұсыныс қаралды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға