Жаңалықтар

Шымкентте қауіпсіздік ережелерін сақтамағандарға айыппұл салынды

Шымкентте қауіпсіздік ережелерін сақтамағандарға айыппұл салынды
Фото: Элеонора Мамыр 18.07.2024 18:01 682

Шымкентте шілде түсіп, күн ысығалы сая іздеген көпшілік өзендер мен субұрқақтарды жағалап кетті. Әсіресе қаланы қақ жарып ағатын Қошқарата, Тоғыс өзендерінің жағалауы мен Бадам бойындағы демалыс орны түс болмай жатып, халыққа лық толады. Олардың көпшілігі қауіпсіздік ережелерін біле бермейді. Сондықтан мамандар арнайы жадынамалар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді күшейткен деп хабарлайды  EL.kz ақпарат агенттігінің Шымкенттегі тілшісі.

Шымкентте қауіпсіздік ережелерін сақтамағандарға айыппұл салынды

Фото-Элеонора Мамыр

Үшінші мегаполис аумағында суға шомылуға ресми рұқсат етілген 3 су айдынынан бөлек («Холодильник», «Рахат Бадам» және Қошқар ата өзенінің бастауы)  тағы 22 бассейн бар. Оның барлығында қауіпсіздік талаптары сақталған. Ал суға түсуге тыйым салынған 13 орында арнаның деңгейі төмендетілген. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Нұржан Қаракөзовтың айтуынша, берілген ескертулерге қарамастан, азаматтар қауіпсіздік шарасын сақтауға тырыспайды. «Жазым аяқ астында» екенін ескерткенмен, елейтін түрлері жоқ. Салдары сан соқтырып жатады. Шомылуға тыйым салынған айындарға суға түскені үшін 25 азамат 323 мың теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Ал ескертуді елемеген бір ер жігіттің өзімбілермендік әрекеті қайғылы жағдаймен аяқталған. Оқиға бір ай бұрын Қайнарбұлақ көлінде орын алды. Алыс ауданнан қонаққа келген 23 жастағы азамат су ішінде малти алмай  тұншығып көз жұмған. Марқұм айдында шомылуға тыйым салынғанына қарамастан суға түскен.

 Тыйым салынған орындарға қанша жүргізілген түсіндірме, үгіт-насихатқа қарамайды тұрғындар. Шомылады. Соңы қайғыға душар етеді. Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында барлық бассейн басшыларымен WhatsApp қосымшасы арқылы чат ашылып, қауіпсіздік шаралары күнделікті түсіндірілуде. Білім басқармасына қарасты 151 мектепте судағы қауіпсіздік ережелері туралы стендтер орналастырылды. WhatsApp әлеуметтік желілері арқылы мектептер мен балабақшалардың «Ата-аналар» топтарына жаднамалар мен бейнероликтер арқылы үгіт-насихат жұмысы жүргізілді,-дейді Нұржан Қаракөзов.

Шымкентте қауіпсіздік ережелерін сақтамағандарға айыппұл салынды

Фото-Элеонора Мамыр

Қайғлы жағдайларды болдырмау үшін биыл төтенше жағдай департаменті мен жергілікті билік тың бастаманы қолға алды. Құтқарушылар жағдайы нашар отбасы балаларын суда жүзуге тегін үйретуде. 15 бассейндегі үйрету сабақтары үш айға созылмақ. Қазірдің өзінде 1 мыңнан астам бүлдіршін  суда еркін жүзуді меңгеріп алды. Солардың қатарында кішкентай балақай Алихан Құрман да бар. «Жүзуді жақсы білмейтін едім. Осы жерде мамандар суға қалай түсу қажеттігін үйретіп, жаттығу жасатады. Өзімнің қателіктерімді түсіне бастадым. Қазір жаттықтырушылар айтқан тәртіпті қатаң сақтаймын»,-дейді ол. Ал Нұрсұлу Ахмадян формадағы ағайларының әрбір айтқанын заңды деп ұғынады.

Үрмелі матрастар мен арнайы суда жүзуге арналған шеңберлерге қатты сеніп, иек арта беруге болмайтынына көзім жетті. Ата-анамның жанынан алысқа ұзамаймын, өзім суда еркін жүзуді енді ғана үйреніп жүрмін,-деді Нұрсұлу Ахмадян.

Шымкентте қауіпсіздік ережелерін сақтамағандарға айыппұл салынды

Фото-Элеонора Мамыр

Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, түсіндіруге байланысты мамандар  мереке және демалыс күндері күшейтілген режиде жұмыс атқарып келеді. Оған полиция қызметкерлері, ұлттық ұлан сарбаздары мен еріктілер жұмылдырылып отыр. 

Шымкент қаласы ТЖД құтқарушылары демалушыларды тек шомылу үшін жабдықталған орындарды таңдауға, су айдындарындағы тыйым салу белгілеріне бей-жай қарамауға шақырды. Шомылу маусымы кезеңіндегі судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға