Жаңалықтар

Шымкентте қаңғыбас жануарларды қатыгездікпен өлтірген

Шымкентте қаңғыбас жануарларды қатыгездікпен өлтірген
Фото: instagram/inucobo_kz 19.06.2023 12:09 1074

Желіде Түркістан облысы Еңбекші ауданындағы Бадам тұрғын-үй алабында орналасқан қаңғыбас жануарларды ұстау орнында болған жантүршігерлік жағдай туралы ақпарат таралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстандағы жануарларды қорғау қауымдастығы Instagram парақшасында басы мен аяқтарын шауып тастаған ондаған мысықтың суреттерін жариялады. Сонымен қатар қатыгездікпен өлтірілген мысықтардың бірнеше суреті таралды.

Желі қолданушылары "Жануарларға осылай қарайтын елдің болашағы жоқ", "Бұл сұмдықты тоқтатыңыздар", "Мұны әлемдік БАҚ көргенше мәңгілікке жалғасады, репост жасаңыздар", "Экология министріне жіберіңіздер, ол жануарларды өте жақсы көреді, барлық сұхбатында оларға деген сүйіспеншілігі, туралы айтады", "Мұны кім тоқтата алады? Біз құқықтық мемлекетпіз бе? Немесе қалағанымыздың бәрін жасай аламыз ба?", - деп жазған болатын.

Аталған мәселеге қатысты Шымкент қаласы әкімдігі мәлімдеме жасады.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша Бадам тұрғын алабында орналасқан ауланған жануарларды уақытша ұстау пунктінде орын алған қаңғыбас жануарларға қатысты құзырлы органдар өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Тексеру барысында жануарларды ұстау талаптарының сақталмауына және биоматериалдарды жоюға қатысты бірқатар кемшіліктер анықталды, - делінген әкімдік ақпаратында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға