Жаңалықтар

Шымкентте мыңнан астам адамға «қандас» мәртебесі берілді

Шымкентте мыңнан астам адамға «қандас» мәртебесі берілді
Фото: Шымкент әкімдігі 18.11.2023 23:42 679

Жыл басынан қаламызға шет мемлекеттерден 766 отбасы көшіп келген. Осы кезеңде 1 мыңнан астам этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Шымкент қалалық әкімдігінің мәліметінше, олардың 612-і ер адам, 584-і әйел кісі, 400-ге жуығы 18 жасқа дейінгі жастар, 93-і зейнеткер, 712-сі еңбекке қабілетті азаматтар.

Жарты жылда қалада 47 отбасынан 62 адам қандас мәртебесін ұзартқан. Қандастардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан қоныс аударғандар. Биыл көрші елден 1166 адам көшіп келген. Сондай-ақ Қытайдан – 16, Ресейден – 8, Ауғанстан мен Түркиядан – 2, Қырғызстан мен Тәжікстаннан 1 адам келген, - делінген мәліметте.

Қандастардың басым бөлігі құрылыс, сауда-саттық және басқа да салаларда жалдамалы жұмыс істейді. «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 86 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған.

Қалада 2008 жылдан бері Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы іске қосылған. Мамандар заң талаптарына сәйкес қандастар мен олардың отбасыларына 6 ай бойы бейімдеу және әлеуметтік қолдаулар көрсетеді.

Биылдан бастап Әлеуметік кодекс аясында «қандас» мәртебесін берудің жаңа тәсілі енгізілді. Құжаттар еліміздің шет мемлекеттердегі өкілдіктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданатын болады. Этникалық қазақтарға елімізде еңбек етуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасы жүзеге асырылуда. Карта елге кіру үшін ұзақ мерзімді виза алу құқығымен беріледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға