Жаңалықтар

Шымкентте мектеп оқушылары бес баланың әкесін ұрып өлтірді

Шымкентте мектеп оқушылары бес баланың әкесін ұрып өлтірді
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 27.11.2023 10:45 1668

Шымкентте бес баланың әкесі мектеп оқушыларынан таяқ жеп қайтыс болды. Марқұмның әйелі Алтынай Айтқұлова «Көреміз» бағдарламасынан көмек сұрады, - деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Алтынай Айтқұлованың айтуынша, 9 қыркүйекте күйеуін базар маңында бір топ оқушы ұрып, аяусыз соққыға жыққан. 39 жастағы ер адам оқиға орнында мерт болған. Марқұмның жақындары кінәлілер жазадан жалтарып кете ме деп отыр.

Бұл балалар қыздардың алдында өзін көрсеткісі келіп, сол жерде құлатып, быт-шытын шығарып кетеміз деген оймен істеген ғой. Жарты сағаттай төбелес болған. Тағы екі бала келген. Олай келмей тұрып күйеуімді ұрған. Төбесінен жұдырықтап ұрған. Сол жерде үлкен кісі ғой деп тастап кетсе болады ғой. Жоқ, бұлар жалғастырып ұрған, бір-біріне лақтырып, сүйреген, – дейді марқұмның әйелі.   

Оның айтуынша, күйеуі далада екі сағаттай жатып қалған. Марқұмның артында әйелі жесір, бес баласы әкесіз қалды. Балаларының үлкені 12-де болса, кенжесі 4 жаста екен. Сол күні ер адам жұмыстан келгеннен кейін сыра іздеп, қалаға шығып кеткен. Алтынай Айтқұлованың айтуынша, күйеуі ішімдікті жиі ішпейтін, тек арасында ғана ішкен. 

Отасқанымызға қазан айында 15 жыл болды. Күйеуім ағасының қолында көмекшісі болып жұмыс істейтін еді, – дейді Алтынай Айтқұлова. 

Оның сөзінше, күйеуі оны ұрып кеткен жігіттерге таңғы 4-тер шамасында кезігіп қалған.  Алтынай Айтқұлованың сөзінше, күйеуін ұрып кеткен балалар – кәмелетке толмаған оқушылар. 

Күйеуім оқушылардан су сұрапты. Ішкен күйінде. Олар «жоқ» деген. Күйеуім «мына жерде» тұрам дегендей түсіндіріп тұрған ғой. Сосын күйеуім оларды құшақтаған. Ішіп алған кезде ондай мінез шығармайтын. Күйеуім құшақтаған кезде екі бала оны итеріп, артқа шегініп ұрып, төбелес басталып кеткен, – дейді Алтынай Айтқұлова. 

Әйелдің сөзінше, бұл іс бойынша тек бір жігіт күдікті деп танылған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға