Жаңалықтар

Шымкентте газ құбырындағы ақау жедел қалпына келтірілді

Шымкентте газ құбырындағы ақау жедел қалпына келтірілді
Фото: © El.kz 04.02.2024 14:24 615

Тұтынушыларды табиғи газға қайта қосу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

3 ақпанда "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ апаттық-диспетчерлік қызметіне Шымкент қаласының Мәртөбе шағын ауданындағы Ақдала көшесінде газдың иісі шығып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Газ құбырындағы ақау дереу анықталып, оны жедел қалпына келтіру жұмыстары түні бойы жүргізілді. Тұтынушыларды газға қайта қосу жұмыстары 4 ақпан күні таңертең толығымен аяқталды.

Болған жағдайға тоқталсақ, кеше диаметрі 325 мм жоғары қысымды жерасты газ құбырында газдың ауаға тарап жатқаны анықталды (газ құбыры 1970 жылдары пайдалануға берілген). Қауіпсіздік мақсатында және Апатты жою үшін жеке сектордың 1 450 тұтынушысы, 7 өнеркәсіптік кәсіпорын және  12 коммуналдық-тұрмыстық объекті газдан шұғыл жүйесінен ажыратылды.

Апатты жағдайды жоюға және газды қайта қосу жұмыстарына "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ ШПФ, "Шымкент" МГҚ "Интергаз Орталық Азия" АҚ және "ҚазТрансГаз Өнімдері" ЖШС тарапынан 40 адам, сондай-ақ 5 арнайы техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, газ құбырындағы бұл жағдай жақында болған жер сілкінісі салдарынан пайда болды. Бұған дейін де осындай жағдай Қайнар ауылының маңындағы орта қысымды жерасты газ құбырында тіркелген болатын.

Өз кезегінде "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ, "Интергаз Орталық Азия" АҚ және "ҚазТрансГаз Өнімдері" ЖШС-мен бірлесіп өткен жер сілкінісінен кейін 23 қаңтардан бастап қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күн сайын газ құбырларын тексеріп келеді. Бұл жұмыстар үшін  "ДЛС-Пергам" мобильді зертханаласы қолданылады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға