Шымкентте автобус алты адамды қағып кетті
8 сәуір кешкі сағат 18:30 шамасында «Метро» сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізушісі басқаруынсыз автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында келе жатқан 6 адамды қағып кеткен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz телеграм каналына сілтеме жасап.
Салдарынан екі әйел мен жасөспірім оқиға орнында және кәмелетке толмаған қыз жансақтау бөлімінде көз жұмды. Тағы екі адам ауруханада жатыр.
Оқиға орнына жеткен Шымкент қаласы ПД-нің жедел-тергеу тобы жүргізуші соңғы аялдамадан қарсы бағытқа бұрылып, автобусты қол тежегішінде қалдырып, көліктен шығып кеткенін анықтады.
Қазір оқиға орнында анықтаушылар мен криминалистер жұмыс істеп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, автобустың жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін автотехникалық сараптама тағайындалды.