Шымкентте әскери қызметші қашықтыққа жүгіру жаттығуынан кейін көз жұмды
Шымкентте әскери қызметші жүгіру жаттығуынан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Оқиғаның болғанын ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі растады.
2023 жылы 15 маусымда Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімнің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, әскери қызметшілер ойлы-қырлы жерлерде қашықтыққа жүгіру жаттығуын өткізген. Шара аяқталған соң әскери қызметші Б. Байжанов өзін нашар сезінген, оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Әрі қарай ол Шымкент қаласының бірінші қалалық клиникалық ауруханасына жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Ертесіне сағат 17.15 шамасында әскери қызметші қайтыс болды, - деп жазылған ресми хабарламада.
Оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау үшін қызметтік тергеу жүріп жатыр.
Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының және ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің қолбасшылығы Бекжан Байжановтың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды, - деді өңірлік қолбасшылық.