Шымкентте әскери қалашық аумағында спорттық-ойын кешен салынды
Шымкент гарнизонының әскери қалашығында балаларға арналған жаңа спорттық ойын алаңының ашылуына орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Аталған нысан Әл-Фараби ауданы әкімдігінің және жобаға демеушілік еткен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен салынған. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өткен салтанатты рәсімге Шымкент гарнизонының бастығы подполковник Сергей Биболатов, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Маратбек Мықтыбеков, кәсіпкерлер мен әскери қалашықтың тұрғындары қатысты.
Осы қаланың тұрғыны және әке ретінде барша отбасыны осындай қуанышпен құттықтаймын. Балаларымызды назардан тыс қалдырмай, олардың дамуына үлес қосқандарыңызға көп рахмет. Ынтымақтастығымыз нығайып, дамитынына сенімдімін, – деді Сергей Биболатов.
Алаң шартты түрде бірнеше аймаққа бөлінген: бір бөлігі – бүлдіршіндер үшін қауіпсіз ойын алаңы болса, екіншісі – үлкен балаларға арналған – спорттық тренажерлер және шағын футбол жаттығуларына арналған жабық алаң. Қойылған шатырлы сәкілер мен орындықтар қалашықтың тұрғындарының демалуына қолайлы жағдай жасайды.

