Қорғаныс министрлігі

Шымкентте әскери колледж ашылды

Шымкентте Сабыр Рахымов атындағы әскери колледждің ашылу салтанатына қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаңа колледж батылдықтың, әскери борышқа адалдықтың және Отанға деген сүйіспеншіліктің символы – даңқты командир, Кеңес Одағының тұңғыш қазақ генералы Сабыр Рахымовтың есімімен аталады. Сабыр Рахымов – абырой мен батылдықтың биік үлгісін көрсеткен қазақтардың бірі. Сендер оқитын орынға ерекше миссия жүктелген. Ол міндет – қиын жағдайларда шешім қабылдауға, кәсіби және жауапкершілікпен әрекет етуге қабілетті жоғары білікті сержанттарды даярлау, – деп атап өтті авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Министр оқытушылар мен командирлерге тәрбиеленушілерге кәсіби дағдыларды ғана емес, рухани-адамгершілік құндылықтарды, ұлттық рух пен патриотизмді бойына дарытуды тіледі. Ал болашақ сержанттарға мықты денсаулық, оқуда жақсы нәтижелер, тәуелсіз мемлекеттің өркендеуі жолындағы толағай табыстар мен жетістіктер тіледі.