Жаңалықтар

Шымкентте апалы-сіңлілер киім дүкенінде ұрлық жасаған

Шымкентте апалы-сіңлілер киім дүкенінде ұрлық жасаған
Фото: видеодан алынған кадр 19.09.2023 15:21 548

Шымкентте апалы-сіңлілер киім дүкенінде ұрлық жасаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әл-Фараби ауданының полиция басқармасына сауда орталықтарының бірінде орналасқан дүкеннен киім-кешектер ұрлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Орта жастағы екі әйел сатып алушылардың кейпіне еніп, сауда нүктесінен балалар, ерлер және әйелдер киімдеріне толы екі сөмке алып шыққан.

Оқиға орнына дереу жедел топ барды. Күдіктілер сауда орталығынан шығып үлгермеді. Тәртіп сақшылары оларды бірден ұстады. Полиция қызметкерлері аталған жайтты қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігі бойынша тіркеді. Жеңіл пайданы көздегендер туған әпкелі-сіңілі екені анықталды.

Ұсталғандарға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған тауарлар дүкенге қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді тергеуші Еген Елшібек.

Полиция қызметкері сауда орындарының иелері мен сатушыларын, әсіресе қарбалас уақытта, қолында үлкен сөмкелері бар келушілерге назар аударуға шақырды. Егер қызметкер бірдеңе дұрыс емес екенін байқаса, ол тұтынушыға жақындап, оған көмек қажет пе екенін сұрай алады. Көбінесе, бұл іс-әрекет ұрлықты болдырмауға көмектеседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға