Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕЛЕРІ БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРДІ КЕҢІНЕН НАСИХАТТАДЫ

ШЫМКЕНТТЕ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕЛЕРІ БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРДІ КЕҢІНЕН НАСИХАТТАДЫ
11.04.2019 04:48 3494

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамбмлеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері №47 «Алтын бесік» балабақшасында «Ұрпақ тәрбиесі – ұлы парыз» тақырыбында іс-шара өткізді. 

Ата-аналар мен бүлдіршіндер қатысқан жиында халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты салт-дәстүр кеңінен насихатталды. 

Іс-шараға келушілер алдымен «Салт-дәстүрім - таусылмайтын байлығым» тақырыбындағы көрмемен танысты. Одан кейін ақ жаулықты аналар дайындаған «Құрсақ той», «Қалжа», «Бесік той», «Тұсау кесер» секілді дәстүрлер жайлы қойылымдарды тамашалап, ұлды намысты, қызды қылықты етіп тәрбиелеудің маңыздылығын сөз етті. 

«Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренетін, өмірден жинақтайтын тәрізді. Алайда, қазақта «Сүтпен біткен сүйекпен кетеді» деген сөз бар. Ана баланы құрсағында жатқаннан бастап тәрбиелеу қажеттігін бабаларымыз ертеден білген ғой. Оны ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімізден анық байқаймыз. Анасы нені көп үйренсе, нені білетін болса, кейін бала сол нәрсені тез игеріп алатындығын бүгінде ғалымдар да дәлелдеп отыр. Ендеше, Аналар кеңесі ұрпағымыздың болашағына бағытталған осындай тағылымды шараларды барлық балабақшаларда өткізетін болады», - деді жиынға қатысқан қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева. 

Жиын соңында аналар балаларға ертегі айтып берсе, балабақша тәрбиеленушілері қонақтарға алғыс айтып, ән мен жырдан шашу шашты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға