Шымкентте 9 жылдан бері ыстық сусыз отырған тұрғындар мәселесі шешілетін болды
Шымкентте 9 жылдан бері жазғы уақытта ыстық сусыз отырған бірнеше шағын аудандағы тұрғындар мәселесі шешілетін болды. Әкімдіктің мәліметінше, қалада 238 тұрғын үй ыстық суға қосылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту, атап айтқанда, халықты сумен, электр энергиясымен және жылумен қамтамасыз ету мәселелері Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің жеке бақылауында. Қазіргі уақытта қалада “3-Энергоорталық” АҚ қазандығынан жылу энергиясы мен ыстық су алатын 238 үйдің тұрғындары 2015 жылдан бастап жазғы уақытта ыстық суға қол жеткізе алмай отыр.
Қала басшысының тапсырмасы бойынша осы тұрғын үйлерді жыл бойына ыстық сумен қамтамасыз ету үшін ҚР-3 жергілікті қазандығы мен құбыр байламы жаңғыртылды. Жуық арада Теріскей, Сайрам, Күншығыс, Отырар және 18- шағынаудандарында тұратын 178 үйдің тұрғындары ыстық сумен қамтылмақ.