Жаңалықтар

Шымкентте 400-ге жуық сарбаз ант қабылдады

Шымкентте 400-ге жуық сарбаз ант қабылдады
Фото: «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі 05.08.2024 02:27 564

Шымкентте еліміздің өңірлерінен келген 400-ге жуық сарбаз жас жауынгер курсынан өтіп, Отанына адал болуға салтанатты түрде ант берді, деп хабарлайды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Жас ұландықтарды 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Марат Рахманов құттықтады.

Сіздер Отанға адал болуға әскери ант бердіңіздер. Сіздердің әрқайсыларыңыз бұл күнді өмір бойы есте сақтайды деп үміттенемін және әрқашан Отанға абыроймен қызмет атқарасыздар деп ойлаймын. Сіздерді әскери ант қабылдағандарыңызбен, ал құқықтық тәртіп әскерлерін жаңа толықтырумен құттықтаймын. Отбасыларыңызға, барша халқымызға, барша мемлекетімізге табыс, денсаулық, бейбітшілік пен амандық тілеймін, - деді Марат Оралұлы.

Әскерге шақырылушыларды осы маңызды оқиғамен құттықтауға жауынгерлердің ата-аналары, жақын туыстары мен әскери бөлімнің ардагерлері келді.

Жас сарбаздардың бірі қатардағы жауынгер Айтмаханбек Әлібай Астана қаласынан шақырылған. Ол өз қызметтестерінің алдында сөз сөйлеу құрметіне ие болды.

Біз өзіміз қабылдаған әскери антқа адал боламыз және Шымкент қаласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз. Алдымызға қойылған барлық міндеттерді толық көлемде орындаймыз және мемлекеттің қауіпсіздік ісіне өз үлесімізді қосамыз, - деді ант беруші сарбаз.

Әскери бөлімнің ардагері запастағы подполковник Сұлтан Нұрымбетов әскерге шақырылушыларға өз тілектерін жолдады. Ол біздің елімізде әскери борышын орындау, отбасын, Отанын қорғау әрбір ер адамның қасиетті міндеті болғанына және болатынына сенім білдірді. 

Армия - бұл жас жігітке көп нәрсе беретін шынайы өмір мектебі. Қызмет еткен жылдар Сіздердің мінездеріңізді шыңдайтынына күмәнім жоқ, - деді Сұлтан Жанабайұлы.

Іс-шара соңында жас ұландықтар салтанатты саппен, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен қадам басып, командирлері мен ата-аналарының алдында салтанатты шерумен өтті.

Ант берген әскери қызметшілер енді Шымкент және Түркістан қалаларының көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындауға кіріседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға