Шымкентте 18 ерекше баланың тұсауы кесілді
Шымкентте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай жұмыс сапарымен келіп, ерекше 18 баланың тұсаукесер іс-шарасына қатысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл балалар «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен мүгедектігі бар балаларға үй жағдайында оңалту үшін уақытша пайдалануға берілген техникалық құрылғылардың оң нәтижесін көрген.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың тамыз айынан бастап Шымкент қаласында, Абай, Қызылорда және Павлодар облыстарында «QH Мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту» пилоттық жобасы аясында инновациялық техникалық оңалту құралдары беріле бастады.
«Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен Ұлыбританияда өндірілген құрылғылар елімізге жеткізілді. Шымкентке 202 құрылғы әкелініп, олардың 152-сі тірек-қимыл аппараты бұзылған 18 жасқа дейінгі балаларға таратылды. Инновациялық оңалту құрылғыларын қолдану үшін 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың «жеке оңалту парағында» тиісті құрылғы қажеттігі көрсетілген.
Ерекше балалардың аналары арнайы оқу курсынан өтіп, құрылғыны дұрыс пайдалануды меңгерген соң, оны уақытша үй жағдайында қолдануға алған.
10 айдың ішінде 84 балада оң өзгерістер байқалды. Оның ішінде 4 бала толығымен сауығып, 18 бала алғашқы қадамын басты. Вице-министр Виктория Шегай мен басқа да мәртебелі меймандар балалардың тұсауын кесіп, олардың алғашқы қадамымен құттықтады. Балаларының өздігінен жүре бастағанына куә болған ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Олар Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорына шынайы алғыстарын білдірді,-делінген басқарма хабарламасында.

