Шымкенте есірткі жарнамалаған жас жігіт сотталды
Шымкентте қала көшелеріне есірткі заттарын сататын интернет-дүкендердің жарнамасын жазып жүрген 28 жастағы тұрғынға сот үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қала прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Құқықтық тәртіп және тазалық» жобасы аясында қалалық коммуналдық қызметтер – «Тазалық сақшылары» - құқық бұзушылықпен күресте белсенді көмек көрсетіп келеді. Сондай жұмыстың нәтижесінде жас жігіт ұсталды.
Тергеу барысында анықталғандай, ер адам қаржылай қиындықтарға тап болып, Telegram мессенджері арқылы күмәнді «қосымша табыс» туралы хабарландыруға келіскен. Ол белгісіз тапсырыс берушіден нұсқаулар алып, түнгі уақытта трафарет пен аэрозольді бояу арқылы тыйым салынған сілтемелерді жазған.
Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 299-1-бабының 2-бөлігімен есірткі құралдарын заңсыз жарнамалау қылмысы бойынша 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

