Ашық аспан астындағы бірінші мұз айдыны Мұз сарайының маңында, екіншісі Арбат аллеясында салынады. Жоба жеке инвесторлардың қолдауымен жүзеге асырылатын болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қаладағы сырғанау алаңдарын орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алғашқы мұз айдыны «Мұз Сарайы» ғимаратының алдында орналасады. Ол 550 шаршы метрді (ұзындығы 34 метр, ені 17 метр) қамтиды. Онда ай сайын 20-30 мың адам тегін коньки тебетін болады.
Екінші мұз айдыны Арбат аллеясында ашылады. Ол айтарлықтай үлкен, жалпы ауданы - 1830 шаршы метр (ұзындығы 150 метр және ені 12,5 метр). Бұл алаңға айына 50-60 мың адам келеді деп жоспарланған.
Жобаның басты мақсаты - әр адамның белсенді қысқы демалысы үшін жайлы және қауіпсіз жағдай жасау. Біз шымкенттіктер мен қала қонақтары спортпен шұғылданып, бос уақытын қызықты өткізіп, денсаулықтарын нығайтқанын қалаймыз, - делінген ақпаратта.
Айта кетерлігі, мұз айдындары жеке инвестиция есебінен салынып жатыр. Демеуші компаниялар коньки мен жабдықтарды жалға беру және ыстық сусындар сияқты ақылы қызметтерді көрсету арқылы шығындарды ішінара өтейтін болады.

