Жаңалықтар

Шымкент әкімінің экс-орынбасарына қатысты сот отырысы басталды

Шымкент әкімінің экс-орынбасарына қатысты сот отырысы басталды
Фото: otyrar.kz 06.03.2024 06:08 709

Аса ірі көлемде пара бермек болды деген күдікке ілінген Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты сот отырысы басталды. Экс-шенеунікі өзіне тағылған айыпты мойындамады, деп хабарлайды otyrar.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Мақсұт Исахов 2023 жылы 20 шілдеде лауазымын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған еді. Алайда қылмыстық құрамы анықталмауына байланысты іс 2 рет тоқтатылған. Ал кейін ол аса ірі көлемде пара берді деген күдікпен қамауға алынды.

2020 жылы 685 млн теңгеге бағаланған мемлекеттік сатып алу конкурсын “Корпорация «Сити-Строй» ЖШС жеңіп алған. Алайда бұған келіспеуіне байланысты “СТАРТ-СТРОЙ” сотқа шағым түсірген. Ал Исахов жеке компания шағымынан бас тартса, оған басқа тендер ұтып беретінін айтып 187 млн теңге көлемінде қаражат сұраған. Алайда істі “СТАРТ-СТРОЙ” ЖШС жеңіп шығып, қосалқы мердігер ретінде «Сити-Строй» ЖШС бекітілген. Сотталушыға айтулы жайт бойынша іс қозғалатын болған соң ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасарын пара алуға көндіріп, істі жасырмақ болды деген айып тағылып отыр, - деді прокурор Мұхтар Арыстанов. 

Ал пара беру дерегі бойынша айып тағылып отырған бұрынғы шенеунік жағдайдың мүлде басқаша болғанын айтады. Айтуынша, іс қозғалатын болған соң қомақты қаражатты Шымкент қалалық ҰҚК департаменті басшысының экс- орынбасарының өзі сұраған.

Мені Сарбасовтың өзі шақырған болатын. Ол үстінен мені қамаққа алу жайында үкім келгенін айтты. Мен «жұмыс орным керек болса, орнымды босата салайын» дегенмін. Бірақ ол көмектеспейтінін айтты. Көрсеткен қызметі қызметпен өтелу керектігін айтып, яғни, пара беруді тұспалдады. Бағаны бастапқыда 500 мың деді. Ал мен оның доллар екенін түсінбедім. Кейін 200-ге түсірді. Мен өзімді бұл істе кінәлі сезінбеген соң ақша беруден бас тартқанмын. Мен не үшін ақша беруім керек еді?»-деді Мақсұт Исахов.

Прокурор айыптау актісінде пара беру үшін арнайы схема құрылғанын айтқан болатын. Сөзінше олар «Асқарға» деген кілтсөзді қолдана отырып, 200 мың долларды қаланың бір дүкенінде қалдырған. Ол жерден қаражатты келесі адам алып, экс-шендіге тапсыру керек болған.

Видеоны ашып қараған кезде қара пакетті курьер алып келіп, сатушы қызға тапсырған. Одан кейін видео үзілген. 1 жарым сағаттен кейін барып Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп, видеомен түсіріп ақшаны алған. Тағы видео үзілген. Содан кейін басқа бөлмеге барып, пакетті ашып, ақшаны көрсете бастаған. Оның арасында не болғаны белгісіз. Мүмкін курьер бомба тастап кеткен шығар. Түсініксіз. Бір қызығы ақшаны араға 6 күн салып санаған. 6 күн бойы сонда не істегені де түсініксіз»,-деді қала әкімінің бұрынғы орынбасары.

Сот отырысында Мақсұт Исахов терегу кезінде өзіне қатты қысым көрсетілгенін айтты.

35 күн бойы тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізді. Логикалық тұрғыда ойлаңызшы, олар қалай тергеу жүргізеді? Ол кезде маған көп қысым көрсетті. Ал уақытша тергеуге көшіргенде карцерде ұстады. Кейін камераға ауыстырды. Жұбайымды қоғамдық қорғаушым ретінде мойындамай сандалтты. Ол кезде маған "10-15 жылға сотталасың" деп қорқытумен болды. Егер өзің мойындасаң, басқа біреуді ұстап берсең жаза өтеу уақытын қысқартуға көмек береміз деумен болды. Бір өзім қамауда отырдым. Бір жағынан 6 баламды ойладым, оның бесеуі кәмелетке толмаған, ал анамның жасы 75-те. Ал бір жағымнан үздіксіз қысым көрсетіліп жатты. Мұндай жағдайда мен қалай шешім қабылдарымды да түсінбедім,-деді бұрынғы шенеунік.

Айта кетейік, бұған дейін күдіктінің пара сұраған аудио жазбасы әлеуметтік желіде тараған болатын. Мақсұт Исаховтың заңгері ол жазба өңделген болуы мүмкін деп отыр.

Келесі сот отырысы наурыз айының соңына қарай өтеді деп жоспарланған. 

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға