Алматы қаласы әкімдігі

"Шымбұлақ" тау курортында ECODAY өтеді

19.07.2025 01:20

Бүгін, 19 шілдеде Алматыдағы «Шымбұлақ» тау курортында ECODAY – таулы аймақтағы экологиялық бастамалар күні ұйымдастырылады. Мақсат – таудағы соқпақтарын тазалап, әр адамның табиғатты қорғауға қосар үлесінің қаншалық маңызды екенін көрсету, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сенбілік «Шымбұлақтың» бастапқы станциясынан басталып, қаза тапқан альпинистер мемориалына дейін жалғасады. Одан соң қонақтарды экологиялық тауарлар жәрмеңкесі мен түрлі танымдық шеберлік сағаттары күтеді.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, қатысушылар Recycle Birge ұйымынан тұрмыстық қалдықтарды қалай дұрыс сұрыптауды үйреніп, HelloEco бастамасы арқылы бір реттік заттардың орнына көп реттік баламаларды қолданудың жолдарын көреді. Сондай-ақ қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдармен және Іле Алатауының табиғи өсімдіктерімен танысады. Сол күні жиналған пластик пен өзге де қайта өңделетін қалдықтар Recycle Birge орталығына жөнелтіліп, қыста солардан тау шаңғысы мен сноубордқа арналған тіректердің қалай жасалатынын көре алады. Бұл жабық экологиялық айналымның нақты мысалы болмақ.