Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда туристік аумақтардан 3 тонна қоқыс шығарылды

Шығыс Қазақстанда туристік аумақтардан 3 тонна қоқыс шығарылды
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі 06.07.2024 12:41 603

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясында туризмнің төріне айналған Катонқарағайдың 200-ден астам тұрғыны тазалық науқанына қатысып, аудан көшелері мен өзен жылғаларын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еліміздің тұрғындары белсенді атсалысып келе жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына Катонқарағай ауданының халқы да жаппай қатысып, бір күнде 3 тонна қоқыс жинады.

Тазалық акциясына аудан тұрғындары белсенді қатысып жатыр. Экологиялық акция басталғалы аудан орталығында және жеті ауылдық округте 15 рет тазалық жұмыстарын жүргіздік. Шараға барлық мекемелер мен аудан тұрғындары кестеге сай қатысып, белсенділік танытуда. Бұл маңызды шара осымен тоқтап қалмайды, ары қарай да жалғаса береді, – дейді Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Қыдырханұлы.

«Таза бейсенбі» акциясына белсене қатысқан аудан тұрғындары өзен жағалауларын, көшелер мен тарихи ескерткіштердің, мәдени мекемелердің маңын да тазартты.

Біздің аудан туризмді тіршілікке тетік еткендіктен жаз бойы демалысқа келетін адамдардың қатары өте көп. Сондықтан да аудан орталығын, ауылдардың маңын, жол жиектері мен су жағалауларын таза ұстаудың маңызы зор. Одан бөлек табиғаты тамаша ауданымызды таза ұстап, қасиетті Жер ананы болашақ ұрпаққа дұрыс аманаттау бізге парыз деп ойлаймын. Сол себепті аудан тұрғындары әрбір тазалық акциясына белсене қатысып келеді, – дейді ауыл тұрғын Әділ Бердібекұлы.

Осылай туризмнің төріне айналып келе жатқан Катонқарағай ауданы тағы бір мәрте ауқымды түрде тазалық науқанын өткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға