Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жаңа 4 аудан құрылады

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жаңа 4 аудан құрылады
Фото: Akorda.kz 29.12.2023 12:14 1708

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылынан Қатонқарағай ауылына көшірілсін.
  2. Шығыс Қазақстан облысының құрамында:

1) Қатонқарағай ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылында орналасатын Үлкен Нарын ауданы;

2) Күршім ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Марқакөл ауылында орналасатын Марқакөл ауданы құрылсын.

  1. Абай облысының құрамында:

1) Үржар ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Мақаншы ауылында орналасатын Мақаншы ауданы;

2) Семей қаласының құрамынан Абыралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Алғабас, Ертіс, Новобаженово, Озерка, Приречный, Жиенәлі, Достық, Қараөлең, Көкентау ауылдық округтері мен Шүлбі, Шаған кенттерін бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласының аумағында орналасатын Жаңасемей ауданы құрылсын.

  1. Орталық мемлекеттік органдар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.
  2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
  3. Осы Жарлық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға