Коллаж El.kz

Шығыс халықтары Наурызды қалай атап өтеді

Наурыз – тек қазаққа ғана емес, Шығыс халқының басым бөлігіне ортақ мейрам. Күн мен түн теңескен бұл кезеңде табиғатпен бірге адамзат та жаңарып, жаңа жылды қарсы алады. Ираннан бастап Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан мен Түркияға дейінгі елдерде бұл мереке әртүрлі дәстүрмен аталып өтсе де, барлығын біріктіретін ортақ құндылық бар – ол жаңару, береке мен бірлік.

Қазақстан 

Қазақстанда Наурыз мейрамы көктемгі күн мен түннің теңелуі ретінде кең көлемде тойланады, бұл – жаңару мен береке мерекесі. Мереке күндері киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар (наурыз көже) дайындалады, алтыбақан орнатылады, ұлттық ойындар (көкпар, күрес) мен концерттер ұйымдастырылады.
El.kz
 
Соңғы жылдары мереке «Наурызнама» онкүндігі аясында әр күнге мағына беріліп, ерекше дәстүрлермен атап өтілуде.

Иран

Иранда Наурыз – ең басты мемлекеттік мейрам, ол 13 күн бойы тойланады және «Хафт син» дастарханымен, «Хаджи Фируз» кейіпкерімен, табиғат аясына шығумен ерекшеленеді.

«Хафт син» дастарханында «С» әрпінен басталатын 7 түрлі тағам мен зат қойылады. Атап айтқанда, сабзе – өнген бидай, сиб – алма, сир – сарымсақ және тағы басқа. Бұлар денсаулық, байлық пен қуанышты білдіреді. «Хаджи Фируз» кейіпіндегілер бетін қараға бояп, қызыл киім киген көңілді кейіпкер көшелерде ән салып, билеп, адамдарға қуаныш сыйлайды.

ашық дереккөз

«Сизда-Бедар» деп аталатын 13-ші күні ирандықтар табиғат аясына шығады. Мұны өздері «Даламен үндесу» дейді. Бұл күні үйден өсірілген бидай өскіндерін (сабзе) ағын суға тастайды.

Ал жылдың соңғы сәрсенбісі Иранда отқа арналады. Адамдар от жағып, оның үстінен секіреді. От жамандықты алып кетеді деп сенеді. Бұл дәстүр Иранда да кең таралған. Бұл  күні от жағылатын арнайы орын (аулада не көшеде) дайындалады.  Жағылатын отындардың үйіндісінің саны міндетті түрде тақ болуы және тікенекті бұта болуы керек. Көшеде немесе аулада от жағылып, жастар осы оттың үстінен секіреді де, «зәрди мән әз то, сорхи-йэ то әз мән, (яғни, «сенің қызылың маған, менің сарым саған» деген өлеңдер айтады, өйткені, ирандықтар сары түс аурудың, қызыл түс денсаулықтың белгісі деп біледі.

Өзбекстан

Өзбекстандағы Наурызды атап өтудің басты дәстүрлерінің бірі – сүмөлөк тағамын дайындау. Бұл – ұн мен өнген бидай дәнінен дайындалатын, отынның үстінде ұзақ қайнатылатын тағам. Кейде оған дәмдеуіштер де қосылады. Өнген дән – өмірдің, жылылықтың, молшылық пен денсаулықтың символы. Бұл күндері үйлер тазаланып, дастархан жайылады, адамдар өкпе-ренішті ұмытып, бір-біріне жақсылық тілейді.

Сонымен қатар дастарқанда самса, палау, халим (бидай мен еттен жасалатын тағам), көк шөп қосылған тұшпара, қытырлақ тәттілер де ұсынылады. Наурыздың басты нышаны – бидай көшетінен (бидай сөлінен) жасалатын қасиетті тағам.

ашық дереккөз

Оны үлкен қазандарда, әдетте, әйелдер жиналып, ән мен жыр айта отырып, түні бойы араластырып пісіреді. Қазанды толтырып тамақ пісіреді. Бұны «қазан толды» дейді, онысы «ризығымыз толы болсын» деген ниетке саяды.

Әзербайжан

Әзербайжанда Наурыз мейрамы – күн мен түннің теңескен күні ретінде аталып өтеді. Ел тұрғындары бұл мейрамды ерекше жақсы көреді. Мереке күні ас дайындайды, адамдар бір-біріне бақыт пен молшылық тілейді. Бұл ел тұрғындары біздің наурыз-көжеге ұқсас жеті түрлі дәмнен әзірленетін «йеди-левин» тағамын пісіреді. Дәстүр бойынша «тонгал» деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіретін болған.

ашық дереккөз

Әзербайжанда дәстүр бойынша тұрғындар ұлттық тағамдарға толы отбасылық дастархан жаяды. «Шекербура» – жаңғақ салынған, жарты ай пішініндегі ұлттық тәтті тағам дайындалады. Оның үстіндегі өрнек әдетте бидай масағы түрінде жасалады.

Сондай-ақ дастарқанда пахлава (төрт тарапты білдіреді), жасыл бидай өскіндері (күннің символы), боялған жұмыртқалар да болады.

Қырғызстан

Қырғызстандағы Наурыз мерекесінің тойлануы қазақтардан аса ерекшелене қоймайды. Оларда тек «наурыз көже» емес, мақта майынан «сүмелек» пісіріледі. Бұл «су» және «мелек» (періште) сөзінің қосындысынан шыққан екен.

ашық дереккөз

Сол сияқты «ауз коже» мен «кавут» асын әзірлейді. Мерекеде дәл біздегідей жұртшылық бас қосып, тәтті тағамдар дайындап, дастархан жаяды. Көрші-қолаңды аралап, ақ тілектерін айтып, мәре-сәре болады.

Түрікменстан

Түркімен халқы бұл мерекені «Невруз» деп атайды. Мейрам жақындағаннан бастап, үйдің ішіне тазалық шараларын жүргізіп, ұлттық тағамдар әзірлеуге кіріседі. Мереке күні дастархан түрлі тағамға толы болса, жаңа жылды молшылықта өткіземіз дегенге сенеді.

ашық дереккөз

Олар да өздерінің «семени» аталатын асын әзірлеп, келген қонақтардың алдына қояды. Түркімен халқында ескі жылғы шаруаның бәрін міндетті түрде аяқтап, жаңа жылды жаңа жоспармен бастау керек деген қағида бар.

Ауғанстан

Ауғанстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы 21-наурызда тойланады. Мынадай оғаш салт-жоралғылары бар. Мәселен 20-наурыз түнгі сағат 1-ден 21-наурыз күндізгі 12-ге дейін ешкім көшеге шықпауы тиіс. Яғни, бұған байланысты сенім: егер кімде-кім сол уақытта үйден шықса, онда келе жатқан жылда жанұясының бір мүшесі дүниеден өтеді деген наным болған.

ашық дереккөз

Біраз уақыт мейрамға дейін жанұяның барлық мүшесіне жаңа киімдер тігіледі. Жақындарына сыйлықтар беріліп, үйге тазалық жасалады.

Түркия

Наурыз - Aнадолуда «Султан-ы Невруз», «Невруз Султан» сияқты аттармен танылған. Салт-дәстүр бойынша Наурыздың алғашқы күні не көрсе немесе байқаса, адам жыл бойы сонымен бірге болады деп жорамалдаған. Бұл тек адамдарға ғана емес, қарапайым тұрмыстық заттар мен тағамдарға да байланысты.

Сол себепті, мейрамда Түркияда алдын-ала дайындалып, өзіне заттар сатып алып және жақсы амалдар жасауға тырысады. Түркияның Наурыз мейрамынының негізгі атрибуты – қасиетті от болып саналады. Ол – қазіргі таңда бірте-бірте отшашулармен алмастырылып келеді.

Үндістан

Үндістан мұсылмандары да шырайлы көктем Наурыз мерекесін атап өтеді. Оларда айрықша ырымдар мен сенімдер жоқ.

ашық дереккөз

Керемет үстел дайындап, әдемі киім киініп барлық нәрсені гүлмен көркемдейді. Мұнда да үлкен етіп от жағады және үндістер «түтінмен бірге кетер жылдың барлық сәтсіздіктері осы отпен бірге кетеді» деп сенген.

Тәжікстан

«Навруз» деп атайтын Тәжікстан тұрғындары мереке күндері бір-бірімен ерекше түрде сәлемдеседі: «Наврузотан пируз бод» немесе «Навруз муборак бод». Мерекенің басты тағамы – кәуап және дәндерден қосып жасалған тәтті палау. Дәстүрлі түрде палауды ерлер дайындайды.

ашық дереккөз

Тәжіктерде Наурыздың басты символы – от. Яғни, жаңару мен емдік қасиеті бар деп сеніп, отқа байланысты көріністер қойып, көрсетілімдер орын алады.

 Қытай

Қытайда күн мен түннің теңелген Наурыз мейрамын этникалық ұйғыр, қазақ, өзбек, дүнген тағы басқа халық мекендеген Шыңжаң-ұйғыр автономиялық округінің тұрғындары атап өтеді.

Адамдар ашық түсті киімдер киіп, ғибадат үйлеріне барады. Мерекелік киімдердің түстері - ақ, қара, жасыл және сары болады. Олардың әрқайсысы от, су, ағаш, металл және жерді әспеттейді. Мұнда дәстүрлі тағам ретінде жеті түрлі дәмнен дайындалған ботқа жасалады. Мерекеде би билеп, ән айтылады.