Жаңалықтар

ШЫҰ Бас хатшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістерге жоғары баға берді

ШЫҰ Бас хатшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістерге жоғары баға берді
27.06.2022 22:39 1268

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Чжан Минмен кездесті, деп хабарлайды, EL.KZ елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саяси, экономикалық және гуманитарлық бағыттардағы көпжақты өзара іс-қимылын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ өзгеріп жатқан геосаяси аһуал кезіндегі Ұйым қызметінің негізгі аспектілерін қарастырды.

Қазақстан Елшісі қытайлық дипломатты ШЫҰ Бас хатшысы лауазымына кірісуімен құттықтап, ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау мәселесі бойынша Республикалық референдумға ШЫҰ атынан бақылаушылар миссиясының басшысы ретінде жеке қатысқаны үшін алғысын білдірді.

ШЫҰ Бас хатшысы өз кезегінде биылғы 5 маусымда Қазақстанда өткен референдумы табысты өткенін атап өтіп, Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру жолында жүргізіп жатқан саяси реформалар мен экономикалық өзгерістерге толық қолдау білдірді.

Чжан Мин қазақстандық тараптың әлемдік аренада ШЫҰ беделін нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, Қазақстанның Елшісін биыл Өзбекстан төрағалығымен 15-16 қыркүйекте Самарқандта өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысына дайындық жұмысы туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, Ш.Нұрышев ұйым кеңістігінде көпжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге бағытталған ШЫҰ саммитінің құжаттарын келісу бойынша тараптардың жоспарлы жұмысының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Кездесу соңында екі тарап ШЫҰ қызметінің жан-жақты мәселелері бойынша тығыз байланыс орнатуға, мүше мемлекеттер мен ШЫҰ Хатшылығы ұйымдастыратын іс-шараларға белсенді қатысуға, осы беделді халықаралық құрылымның жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен идеялармен алмасуға келісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға