Жаңалықтар

Шуда полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағандар сотталды

Бұл туралы polisia.kz сайты мәлімдеді
Шуда полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағандар сотталды
Фото: polisia.kz 07.12.2022 11:21 1397

 Жамбыл облысының Шу ауданында полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, шабуыл жасағандарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы polisia.kz сайты мәлімдеді.

Шу аудандық сотының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы үкімімен сегіз тұрғынға қатысты 3 жылдан 8 жыл 2 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Естеріңізге сала кетсек, 7 мамыр түнгі сағат 01.30 шамасында Шу қаласындағы вокзал маңындағы алаңда полиция қызметкерлері мемлекеттік белгісі жоқ ВАЗ 2114 автокөлігін тоқтатқан болатын.

Құжаттарды көрсетуді сұрағанда жүргізуші мен көлікте болған белгісіз адам полиция қызметкерлерінің талабын орындаудан бас тартқан. Олар полицияға белсенді түрде қарсылық көрсетіп, шабуыл жасай бастаған.

Сонымен қатар жақын маңдағы кафе мен алаңнан бір топ адам жиналып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, полиция қызметкерлеріне дене жарақатын келтіріп, қаруларын тартып алмақшы болған.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс материалдары үкім шығару үшін сотқа жолданған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға