Жаңалықтар

ШҚО-да төрт ауыл алкоголь өнімдерінен бас тартты

ШҚО-да төрт ауыл алкоголь өнімдерінен бас тартты
Фото: © Pixabay.com 17.01.2024 17:20 748

Шығыс Қазақстан облысында 4 ауыл ішімдік өнімдерінен бас тартқан, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Полиция мәліметінше, ШҚО-да 2023 жылы Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына 5 мыңнан астам адам орналастырылды, сондай-ақ алкогольге тәуелді 370-ке жуық адам МЕПМ-ға жіберілді. Оңалту курсынан өткеннен кейін учаскелік инспекторлар аулаларды аралаған кезде аталған адамдарды тұрақты түрде тексереді және олардың қылмыскерлердің арбауына түсіп қалмауын және өздері бұзушылықтар жасамауын қадағалайды.

Сонымен қатар полицейлер заңсыз алкоголь өнімін тәркілеу жұмыстарын жүзеге асырады. Өткен жылы облыста 16,5 тонна суррогат спирті тәркіленген, 205 адам оларды сату саласындағы бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Айта кетсек, полиция, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық кеңестер жүргізіп жатқан шаралар қазірдің өзінде оң нәтиже беріп келеді. Облысымыздағы төрт ауылдың тұрғындары: Катонқарағай ауданындағы Көкбастау, Күршім ауданындағы Теректібұлақ, Ұлан ауданының Жанұзақ және Тарбағатай ауданының Байтоғас ауылдары ішімдік ішуден бас тартты, бұл осы ауылдардағы қылмыстық ахуалға оң әсер еткен, онда қазіргі уақытта бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген. Бұл басқа елді мекендердің тұрғындарына да жақсы үлгі болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға