Жаңалықтар

ШҚО-да электр қозғалтқыштары шығарыла ма

ШҚО-да электр қозғалтқыштары шығарыла ма
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі 14.12.2024 04:32 110

Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық көліктерге арналған электр қозғалтқыштары шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «ДИМ Строй» компаниясы өндірістік кәсіпорны өз жұмысын 2007 жылы бастаған. Бүгінгі таңда өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Негізгі қызмет түрлеріне күрделі деңгейдегі өндірістік және азаматтық құрылыс, автоматтандыру, электрмен жабдықтау жүйелерін енгізу және қызмет көрсету, электр құрылғыларын жөндеу, тау-кен, өндірістік және технологиялық жабдықтарды жөндеу мен техникалық қызмет көрсету жатады.

Аймақта өнеркәсіп саласын жүзеге асыру үшін бірнеше жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазір Риддер ЖЭО-ның инфрақұрылымын күрделі жөндеуден өткізіп, қалпына келтіруді аяқтап жатырмыз, - деп түсіндірді кәсіпорын басшысы Константин Глухов.

Өңір басшысына компания құрастырып, монтаждаған электр қозғалтқышы бар автокөлік үлгілері көрсетілді.

Ермек Көшербаев болашақта экологиялық жағдайды жақсарту үшін облыс орталығындағы қоғамдық көліктерді электр қозғалтқышына көшіру мүмкіндігін қарастыру керектігін атап өтті.

Егер қазірден бастап өндірісте осындай технологияларды қолдансаңыздар, алдағы уақытта автобустардан бастап, қалған көліктерді де біртіндеп ауыстыруға болады, - деді ол жұмысшылармен әңгіме барысында.

Облыс әкімі жергілікті өндірістерді қолдаудың маңыздылығына тоқталып өтті. Оның сөзінше, «ДИМ Строй» аймақтағы басқа да кәсіпорындар сынды жаңа жұмыс орындарын ашуда, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуда және заманауи технологияларды енгізуде үлкен рөл атқаратынын жеткізді.

«ДИМ Строй» – жылу энергетикасы бағытында жұмыс істеп, өзге де салалар бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпорындардың бірі. Мұнда үлкен ұжым мен өзіндік корпоративтік атмосфера бар, - деді облыс әкімі.

Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап компанияның көлік инфрақұрылымын құру мен энергетикалық инфрақұрылымды жобалауға қатысу мүмкіндігін талқылады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға