Жаңалықтар

ШҚО-да 690 млн теңгеге жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

ШҚО-да 690 млн теңгеге жер учаскесі мемлекетке қайтарылды
Фото: © Pixabay.com 24.11.2023 10:02 520

ШҚО-да жыл басынан бері прокуратура актілері бойынша мемлекетке 690 млн теңге сомасына жер учаскелері қайтарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл басынан бері ШҚО прокуратура органдары мемлекет меншігіне құны 690 млн теңге құрайтын 40 мың га 119 жер учаскесін, оның ішінде жалпы ауданы 430 млн теңгеден асатын 37 мың га пайдаланылмаған 101 жайылым учаскесін қайтарды.

Аймақтың ауыл шаруашылық және мал шаруашылығы ерекшеліктерін ескеріп, жер заңнамасының сақталуын қадағалау аумақтық прокуратуралардың тұрақты бақылауында, - делінген Бас прокуратура таратқан мәліметте.

Атап айтқанда, Самар ауданының прокуратурасы ШҚО кәсіпкерлер Палатасымен бірлесіп жер заңнамасы нормаларының сақталуына талдау жүргізген. Жергілікті атқарушы орган осы жылы жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру бойынша 16 конкурс өткізбегені анықталды.

Аудан прокуратурасының қадағалау актісі бойынша көрсетілген бұзушылықтар үшін әкімдіктің жер қатынастары бөлімінің басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 137-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Самар аудандық сотының 2023 жылғы 27 қазандағы қаулысымен оған 1,1 миллион теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды (қаулы заңды күшіне енген жоқ).

Азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында прокуратураның араласуынан кейін осы жылдың 31 қазанында аудан әкімдігі жер пайдалану құқығын беру бойынша конкурстық рәсімдерді өткізу туралы хабарлама жолдады.

Глубокое ауданы прокуратурасының тексеруімен аудан аумағында 42 мың га жайылым мақсатымен пайдаланылмайтыны анықталды. Нәтижесінде, Глубокое ауданы әкімінің атына қадағалау актісі енгізілді, бүгінгі күні мемлекетке жалпы ауданы 600 гектар және құны 4,8 млн теңге құрайтын 10 жер учаскесі қайтарылды.

Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жұмыстары жалғасуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға