ШҚО әкімдігі

ШҚО әкімі Алтай ауданы тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады

11.12.2025 17:46

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданы тұрғындарымен кездесуде аудан аумағында атқарылған бірқатар инфрақұрылымдық жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ауданда жыл басынан бері қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын тұрғындармен кездескен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтып берді. 

Алтай ауданы аумағында биыл 28 шақырым жолдар мен көшелер орташа жөндеуден өтті. Алтай қаласының батыс бөлігіндегі су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен су құбыры мен кәріз желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды, - деді аймақ басшысы.

Ауданда 5 қазандық бар. Орталықтандырылған жылумен 2 жарым мыңға жуық нысан қамтылған. Осы жылы жылу көздерін ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал Жаңа Бұқтырма кентінде жалпы құны 9,2 млрд теңгеге аулаішілік жылу желілерін қайта құру жұмыстары жалғасып жатыр.

Алтайдағы халықтың 97,2%-ы интернетпен қамтылған. 2 мыңнан астам адам тұратын 17 елді мекенде байланыстың болмауына немесе сапасыздығына қатысты арыз-шағымдар түскен.

Быково ауылында бюджет қаражаты есебінен 30 қыркүйекте антенна-мачталық діңгектің құрылысы аяқталды. 20 желтоқсанға дейін мобильді интернет қызметін көрсету үшін қажетті жабдықтарды қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған ауылдар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен қосылады. Бұдан бөлек, аудандағы 23 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Starlink жиынтықтары орнатылды, - деді Нұрымбет Сақтағанов.

ШҚО әкімінің айтуынша, ауданның алдағы жылдарға арналған даму жоспары бойынша ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылмақ.

2029 жылға дейін ауданға 21,5 млрд теңге бюджет қаражаты және 121,8 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделген.

Алтай ауданының 2029 жылға дейінгі даму жоспары бойынша 21,5 млрд теңге бюджет қаражатын және 121,8 млрд теңге жеке инвестиция тарту жоспарланған. Жеке инвестициялар есебінен өткен жылы Алтай қаласында 600 млн теңгеге демалыс орталығы салынып, Полянское ауылында 1075 басқа арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысы аяқталды. Биыл Серебрянск қаласында жылына 400 мың форель шабақтарын өсіретін цех ашылып, Ермаковка ауылында балық шаруашылығын кеңейту жұмыстары және аудан орталығында қысқы спорт түрлеріне арналған кешеннің құрылысы жүргізілуде, - деді аймақ басшысы. 

Ауданда 12,8 мың бас ірі қара, 12,3 мың бас қой-ешкі 9,4 мың бас жылқы бар. Осы жылдың 10 айында барлық санаттағы шаруашылықтар 2,4 мың тоннадан астам ет өндірді. Ал өндірілген сүт көлемі 13,5 мың тоннаны құрап отыр. 

Алтайда туристер үшін 115 орын тіркелген. Жыл басынан бергі туристер саны - 17,6 мың адам. Биыл Малеевск ауылындағы Хамир өзенінде демалыс базасының құрылысы аяқталды. Жаңа Бұқтырма кентінде «Мелада» демалыс базасын жаңғырту жұмыстары және Бұқтырма станциясында туристік жол бойындағы «Пристань» кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Туризмді дамыту – бұл инфрақұрылым, жол, байланыс, қауіпсіздік, жол бойындағы сервис, тамақтану, қызмет көрсету сапасы. Біз осы мәселелерді шешумен жүйелі түрде айналысып келеміз, - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Алтай ауданында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, биыл ауданаралық аурухана аумағында МРТ қойылатын жаңа ғимарат құрылысы басталған. Тұрғұсын ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория да аяқталуға жақын.

Бүгінде Алтайдағы денсаулық сақтау нысандарының құрал-жабдықпен қамтылу деңгейі – 83,1%. Биылғы жылдың басынан қатерлі ісіктен өлім-жітім 8,7%-ға, туберкулезден өлім-жітім 66%-ға, туберкулезбен науқастану 36,1%-ға төмендеді. Жалпы аудан бойынша 21 дәрігер жетіспейді, - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов. 

Өз сөзінде ол денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен Алтай ауданының әкіміне қажетті медициналық кадрларды тарту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Білім саласына қатысты да оң өзгерістер бар. Осы жылы Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық мектеп құрылысы аяқталды. 10 білім ордасында биыл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ мектептерге 3 оқу кабинеті сатып алынды.