Жаңалықтар

Шопингке тәуелділік неден пайда болады?

Шопингке тәуелділік неден пайда болады?
Фото: trademaster.ua 11.11.2022 10:20 3004

11 қараша – Дүниежүзілік шопинг күні. Бұл атаулы күн әлемнің көптеген елінде аталып өтеді. Атаулы күн туралы не білеміз? Біз қызықты мәліметтер іздеп, сіздермен бөлісуді жөн көрдік.

Бұл күнді ерекшелеп отырғанымыздың себебі, шопинг – адамның сатып алу мәдениетін көрсететін үдеріс. Ал сатып алу, сұраныс пен ұсыныс арасындағы қатынасты реттеп, қаржы айналымын арттыратыны сөзсіз. Мәселен, Қазақстанда қаңтар-қыркүйек айында бөлшек сауда айналымы 10 млрд 626 млн теңгені құрады. Бұған шопингтің өз әсерін тигізгені анық.

Шопингтің пайда болу тарихы

Шопинг – ағылшын тілінен шыққан сөз. «Сатып алу» немесе «төлем жасау» деген мағынаны білдіреді. Шопинг ең алғаш рет ХІХ ғасырдың ортасында Парижде пайда болды. Ол кезге дейін адамдар барлығын қолдан жасап, киімді де тігіп, ал байлар тапсырыспен жасататын. Француз бизнесмені Аристид Бусико шопингтің негізін қалады.  Оның ең бірінші жетістігі – кедей мен байға ортақ қолайлы бағадағы тауар сататын дүкен ашты. Кейін тұтынушылар үшін түрлі дүкендер ашыла бастады.

Ал әлемде шопинг мәдениеті ХІХ ғасырдың соңында қалыптасты. Бұл көптеген елде бизнес орындар мен сауда орталықтарының саны артып, ақша айналымы өскенін байқатады.  

Бұл күн әлемде қалай аталып өтіледі?

2009 жылдан бастап Дүниежүзілік шопинг күні аталып өтіледі. Әр елдің шопинг жасау мәдениеті әртүрлі. Дегенмен атаулы күні үлкен бизнес орталықтар мен кәсіпкерлер тұтынушыларына сыйлық беріп, жеңілдік жасайды. Бұл уақытта арнайы «Black Friday» күні өтіп, қызметкерлер тұтынушыларға таңға дейін қызмет көрсетеді.

«АҚШ, Англия, Франция, Қытай және Оңтүстік Корея секілді елде шопинг күні жеңілдіктер жиі ұйымдастырылады. Бұл күндері адамдар тауарға таласып, төбелес немесе құқық бұзушылық орын алмауы үшін сақтық шаралары да қатаң сақталады. Адам соңғы данасы қалған тауарды жеңілдікпен сатып алу, оны қолына түсірмеуіне тыным таппай кетеді. Бұндай сәттерде адамнан барлығын да күтуге болады»,  – дейді стилист Балжан Жұмабекова.

Біздің елде бұл күн аталып өтпейді. Стилистің айтуынша, Қазақстанда шопинг жасау мәдениеті әлі қатты дамыған жоқ. Дегенмен тарихқа үңілсек біздің елдің шекерасынан әлемге белгілі Қытай жерінен басталып, Қиыр Шығыс пен Еуропа елдеріне дейін созылған Ұлы Жібек Жолының сауда айналымындағы үлкен орны бар. Бірақ, ол кезде «шопинг» деген түсінік болмағандықтан, ресми деректерде бертін келе пайда болған деп жазады.   

Интернет-шопинг

Қазір технология мен ғаламтордың дамыған заманында адам уақытын үнемдеу үшін интернет дүкені арқылы тапсырыс береді. Дүниежүзіндегі ең алғашқы интернет дүкені – кітап дүкені. Ол ХІХ ғасырдың соңында ашылды. Кейін ғаламтор арқылы тұрмыстық техника мен киім-кешек сатып алуға мүмкіндік туды. Интернет дүкендері әсіресе пандемия кезінде қарқынды дамыды.

«Интернет дүкендері адамның тәуелділігін пайда болуына септігін тигізуі мүмкін. Онлайн дүкендегі түрлі көздің жауын алатын ерекше затттарды, тауарларды, киімді көрген кезде, әсіресе әйелдер, қыз-келіншектер қауымы соны қолына түсірмейінше тыным таппай кететіні хақ. Бұл тұтынушының назарын өзіне аудартудың бір әдісі. Интернеттегі жылтыраған, ашық түсті,  ерекше формадаға дүниелер бірден көзге түседі. Бұл адам психологиясына әсер етеді», – дейді стилист. 

Интернет-шопингтің кері тұстары да бар. Олар:

– алаяқтардың арбауына түсу;

– киімді киіп, затты ұстап көрмейсін;

– тапсырыс уақыты ұзаққа созылу мүмкінідігі;  

Шопингке тәуелділіктің белгілері қандай? 

Шопингке тәуелділік көбінесе әйелдердің арасында жиі байқалады. Ал ер адамдарда бұл сирек кездеседі. Дегенмен мамандар шопингтің де өзіндік пайдасы бар екендігін айтады.

«Шопинг жасағанда адам физикалық тұрғыдан күні бойы дүкен аралап, шаршайды. Дегенмен оған тәуелді адам шаршағанды сезіне бермейді, керісінше бұдан ләззат алады. Бұл тәуелділіктің бастапқы этабы», – дейді стилист.

Шопингке тәуелділіктің тағы бір белгісі – қанағаттанбау. Адам өзіне ұнаған затты, қолданбаса, қажетіне жаратпаса да керексіз заттарды сатып алуды әдетке айналдырады.

«Шопингке тәуелділік – бұл ауру. Коллекция жинаумен айналысатын адамдардың да бұл қызығушылық пен тәуелділіктен туған хоббиі», –  дейді Балжан Жұмабекова.

Жеңілдіктер маусымында тұтынушының назарын өзіне аударту үшін бағаны сары және қызыл түсте, үлкен шрифтермен көрсетеді. Бұл тұтынушыны тарту мақсатында жасалатын өзіндік стратегия. Сары – бейтарап түс. Психологиялық еңбектерден сары түс адамға көңіл-күй мен ләззат сыйлайтынын білеміз.

Шопингті қалай дұрыс жасау керек?

Шопинг жасаған адам ең алдымен тауармен толық танысып алуы маңызды.

Сапа. Ең алдымен сапаға, қолайлығына және пайдасына назар салғаны жөн.  Сапалы тауар адамның ұзақ уақыт қолданысына жарамды болады.

Құрамы. Адамның белгілі бір затқа және материалға аллергиясы болуы мүмкін. Сондықтан кез келген затты сатып аларда оның құрамына және мерзіміне мән берген дұрыс. 

Түс. Стилист Балжан Жұмабекова киім сатып аларда адам сапамен қатар, оның түсіне мән беру керектігін атады. Маусымдағы сәнді түстер, адамның көркін ашып қана қоймай, оның сәнді жүруіне және көңіл-күйіне септігі тиеді.

Үйлесімділік. Әдетте, адам киім немесе зат сатып алған кезде оны өзіндегі бар затпен үйлестіруге тырысады. Шопингте – бұл маңызды фактор.  

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға