Жаңалықтар

Шоқанның өлімі

30 жасында өмірден озған Шоқанның өліміне байланысты әртүрлі сөз айтылып жүр. Бірі Шоқан өкпе ауруынан көз жұмды десе, бірі Шоқанды қасақана өлтірген дейді.
16.10.2015 06:14 20655

30 жасында өмірден озған Шоқанның өліміне байланысты әртүрлі сөз айтылып жүр. Бірі Шоқан өкпе ауруынан көз жұмды десе, бірі Шоқанды қасақана өлтірген дейді.

Шоқанның өлімі

Шоқан Уәлиханов — 1835 жылы Қостанай облысы, Қосмұрын бекінісінде дүниеге келген. 12 жасында Сібір кадет корпусына оқуға түсіп, ғылымға деген көзқарасы кеңейе түседі. 1855 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторымен бірге Семей, Аягөз, Қапал арқылы Алматыға дейін келіп қайтады. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинай жүреді. Басын қатерге тігіп, 1858-59 жылдары Қашарияға да барып, құнды мәліметтерді олжалап келеді.   

Балтабай Адамбаевтің «Қазақ әдебиетінің» 1969 жылғы 26 сәуірдегі санында жарияланған «Орынбай ақын» деген мақаласында Орынбайдың Шыңғыс пен Зейнеп ханымға көңіл айтқан өлеңі берілген. Ол былай:

Шыңғыс хан, Зейнеп ханым тоқта сөзге,

Баласы төрт момынның келдік сізге.

Шоқанжан тағдыр жетіп, шаһид бопты,

Ажалдан кім құтылмақ хақтан өзге.

 

Дүниеден ғалым да өткен, хәкім де өткен,

Сол нәубет ақырында сізге жеткен.

Алды-артын қайырлы етсін хақ тағала,

Шаһи сұлтан арамыздан сапар шеккен…

Орынбай ақынның осы арнау өлеңінің алғашқы шумағы Алматыдан «Ғылым» баспасынан 1988 жылы шыққан «XIX ғасырдағы қазақ ақындары» деген жинақтағы Р.Ахметовтың Орынбай ақынға арналған мақаласында да келтірілген.

Шоқанның өлімі туралы аңыз көп. Шоқанның өлімі жайлы көп тарағаны қайны атасы Тезек төренің ауылында қатерлі өкпе дертінен қаза табуы.

Қазақтың атақты ғалымы, белгілі ағартушы, әрі саяхатшы Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда, Тезек төре оны Шыңғыс сұлтанға елдің басты адамдары арқылы естіртеді...

Тезектің суыт хабарлауы бойынша, Атығай Келдібек би мен Әділбек батыр көп нөкер ертіп Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе, сұлтан іштей сескеніп отыр екен. Келдібек би ойлы пішінмен жадырай сөйлеп:

– Төре, дүниеде не қымбат? – дейді.

– Адам қымбат, – депті Шыңғыс.

– Адамға не қымбат?

– Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент туса...

– Жансызда не қымбат екен?

– Жансызда қымбат гауһар деуші еді...

 – Теңіздің тұңғиық жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?

– Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.

– Егер осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысы алар еді, – дегенде, Шыңғыс төре: «Ең күштісі, күштісі алады» деп өз санын бір соғыпты да: – Менің гауһарым Мұхаммед Қанапияға Тәңірдің оғы тиген екен ғой», - деп өкіре жылап, жер бауырлап жатып алыпты.

Келдібек би тоқтау айтып:

– Уа, Сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді, құнсыз алды, не шара! - деп кемсеңдеп, төңірегіне көз тастағанда, үйдегілердің бәрі еңірепті.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға