Жаңалықтар

Ширек финалдағы тартысты ойындар

Қазақстан Кубогының жартылай финалына шыққан командалар белгілі болды
Ширек финалдағы тартысты ойындар
24.05.2018 20:42 3427

Қазақстан Кубогының ширек финалында қарағандылық «Шахтер» Қызылордадан келген футболшыларды қабылдаса, Атакент кентінде жергілікті «Мақтаарал» «Ертіс» ойыншыларымен күш сынасты. Сол сияқты «Ордабасы» мен «Қайрат», «Атырау» мен «Тобыл» командаларының жолы түйіскен еді.

Теміртаудағы тартысты ойын

«Шахтер» (Қарағанды) – «Қайсар» (Қызылорда) 2:1 қ.у. (0:1, 1:1, 0:0, 1:0)

Гол салғандар: 0:1 Джедже, 41, 1:1 Шафф, 57, 2:1 Кояшевич, 119 (пенальтиден)

Теміртауға қонаққа келген «Қайсар» жартылай финалға шығу үшін барын салды. Алғашқы таймда «Шахтерге» желдің зияны көбірек тиді. Соның кесірінен, бірінші минуттары Абылайхан Дүйсен қорғаған қақпаға Тәжімбетовтың алыстан тепкен добы кіре жаздаған. Жас кипер допты алаң сыртына шығарып үлгерді. Одан кейінгі қауіпті соққы Аркиннен келді. Бұл жолы да Дүйсен өз командасын голдан құтқарып қалды. Қарағандылықтар бірлі-екілі ұмтылыстар жасағанымен, шын қауіпті соққыға жете қоймады. Бірінші таймның аяқталуына бірер минут қалғанда Тәжімбетов Ткачукпен таласта жеңіп шығып, Джеджеге доп шығарды. Ол ыңғайлы қабылдап, қақпаның оң жақ бұрышын дәл көздеді. Қорғаушы Тарасов «қасқырлар» ойыншысын жауып үлгермесе, Дүйсен де допқа жете алмады. Осылайша, таблодағы есепке өзгеріс енді. Араға аз ғана үзіліс салып, сол Джедженің дубль авторы атануға мүмкіндігі бар еді. Бірақ, бұрыштамадан келген спорттық снарядты баспен ұрған африкалық легионердің ойы жүзеге аспады.

Ойынның екінші бөлігінде жел енді, жергілікті командаға болысты. Сондай-ақ, алаңға Сергей Шафф қосылып, ойынға біраз өзгеріс енгізді. Себебі, есепті теңестірген дәл осы – футболшы. Мужековтан доп қабылдаған Сергей әдемі соққымен Григоренконы қапы қалдырды. Екінші таймда «Шахтерде» алға шығуға жақсы мүмкіндіктер болды. «Қайсар» қақпашысы керемет сейвтер жасап, өз командасын негізгі уақытта ұтылмауына сеп болды. Берілген 90 минут тең аяқталып, қосымша қос тайм ойнатылды. Ол 30 минуттықта қарағандылықтар қонақтарға қарағанда қауіптірек болды. Сондай сәттің бірінде, қақпадан алысырақ тепкен Дүйсеннің добы Суботичті тапты. Оған қарсы Жахаев ереже бұзып, 11 метрлік айыпдобы белгіленді. Сол пенальтиден Кояшевич гол соғып, соңғы минутта командасына жеңіс сыйлай алды. Осылайша, тартысты ойында «Шахтер» жігіттері жарап, жартылай финалға жолдама алды.

«Мақтаарал» үздік төртікке қосыла алмады

«Мақтаарал» (Атакент) – «Ертіс» (Павлодар) 0:3 (0:1)

Гол салғандар: Рамазанов, 45+3, Салами, 57, Калинин, 90+2.

Салынбаған пенальти: Кислицын, 36 (қақпашы).

Атакенттегі Алпамыс батыр атындағы стадионға жиылған көрермендер сүйікті командасына барынша қолдау көрсетті. Бұл ойында оңтүстікқазақстандық қақпашы Сәрсембаев тамаша шеберлігімен көзге түсті. «Ертіс» ойыншыларынан келген қауіптің бетін қайтарумен болды. Алғашқы 45 минуттық та павлодарлық футболшылардың бірнеше мүмкіндіктері желге ұшты. Бір Эрнандес кем дегенде 3-4 жүз пайыздық мүмкіндіктеді тұншықтырып тынды. Ойынның 36-минутында «Мақтаарал» қақпашысы бірге-бір шығып келе жатқан Воменконы ойын ережесінен тыс тоқтатқаны үшін 11 метрлік айыпдобымен жазаланды. Қақпашы өз қатесін өзі түзеп, Кислицынның добына тосқауыл бола білді. Бірінші таймның аяқталуына бас төреші бақандай 3 минут қосты. Алғашқы гол да осы қосымша минуттары соғылып, Рамазановтың қанжығасы майланды. Розыбакивтен пас алған футболшы Сәрсембаевпен бетпе-бет шығып, жойқын соққымен есеп ашты.

Ойынның екінші таймында алаңға жолы болмаған Эрнандестің орнына Салами шықты. Сол сияқты «Мақтаарал» бас бапкері Қуаныш Қарақұлов та бірнеше ойыншыларды алмастырған болатын. Ойынға жаңадан кірген Салами көзге түсті. Сол қапталдан алға ұмтылған Воменко қақпа алдына пас шығарған, «Мақтаарал» қорғаушысы Пасеченко үлкен қателікке бой алдырып, аяғындағы спорттық снарядтан айырылып, нигериялық шабуылшының есепті еселеуіне мүмкіндік беріп қойды. Ал төреші қосқан қосымша минутта Калинин мен Салами тағы бір шабуылды түйіндеп, «Ертіс» ірі есеппен жеңіске жетті. Бірінші лига командасы қанша қайрат көреткенімен, білікті ойыншылардан жинақталған, шеберліктері басым қонақтарды тұсап ұстау мүмкін болмады. «Ертіс» қай жерге дейін шабатыны белгісіз, олардың келесі қарсыласы оңай шағылар жаңғақ болмасы анық.

Жігерлі жастардың жеңісі

«Ордабасы» (Шымкент) – «Қайрат» (Алматы) 1:1 (0:1, 1:0, 0:0, 0:0) – пенальти бойынша, 3:4

Гол салғандар: 0:1 Вороговский, 45, 1:1 Әбікен, 51 (автогол).

Ойын соңындағы пенальти: 1:0 Диакате, 1:1 Әбікен, 1:1 Фонтанелло (қақпашы), 1:2 Соколенко, 2:2 Джигаури, 2:2 Котов (қиыс кетті), 3:2 Әшірбеков, 3:3 Сәрсенов, 3:3 Нагаев (қақпашы), 3:4 Әліп.

Алаң иелері ойынды ерекше қарқынмен бастады. Алғашқы минуттары Покатилов қателікке бой алдырып, Нагаевтың соққы жасауына жол беріп қойды.Өзбек форвардының көзге түсуіне дәлдік жетіспеді. Одан кейінгі Еркебұлан Тұңғышбаевтың соққысы Стастың қолынан қайтты. Ендігі алматылық футболшылар Нарзықұловқа қауіп төндірді. Бұл жолы Парагульгов шымкенттік кипердің шеберлігін бір сынап көрді. Бірінші таймда Ковальчук, Фонтанелло мен Диакатеде есеп ашуға мүмкіндіктер болған. Олардың жолына Покатилов тосқауыл бола білді. Гол соғуды ойлап жүрген «Ордабасы» ойыншылары бірінші боп қонақтар көзге түседі дегенді күтпесе керек. Бұрыштамадан Бахтияровтың көтерген добы Вороговскийді тауып, жартылай қорғаушы баспен оң қапталды көздеді. Бұл соққыны Нарзықұлов аңғармай қалса, Досмағамбетов жауып үлгермеді.

Екінші тайм бастала сала, қос команда да белсенді түрде алға ұмтылды. Есепті теңестіруді ойлаған жергілікті теңбілдопшылар 51 минутта өз дегендеріне жетті. Орта алаңнан допты тартып алған аргентиналық Фонтанелло Бочаревке пас жеткізді. Ол қақпа алдында тұрған Тұңғышбаевқа доп шығаруды көздеген. Онымен таласта қорғаушы Айбол Әбікен сәтсіз ойнап, өз қақпасына гол соғып алды.

Бұдан соң, есепте алға шығу үшін алаң иелері барын салғанымен, Покатиловтың иелегін бағындыра алмады. Ойын овертаймға ұласып, ақыры тең есепті қанағат тұтқан аяқдопшылар бұл матч тағдырын «футбол лотереясына» тапсырды. Бірінші 11 метрлік нүктеге «Ордабасы» жартылай қорғаушысы Диакате келіп, Покатиловтен айласын асырды. Әбікен де бүгінгі өз қатесіп жуып-шайып есепті 1:1 етті. Нүктеге аргентиналық қорғаушы Фонтанелло келіп, Покатиловтың иелігін бағындыра алмады. Алма-кезек соққыдан «Қайраттың» жолы болып, жартылай финалға жолдама алды. Покатилов өзбек шабуылшысы Нагаевтың тепкен добын қайтарып, өз командасына жеңіс сыйлады.

Зеньковичтің қос голы "Атырауды" алға шығарды

«Атырау» – «Тобыл» (Қостанай) – 2:1(1:0)

Гол салғандар: 1:0 Зенькович, 7, 1:1 Нөсербаев, 56, 2:1 Зенькович, 67

Ойынның басталғанына он минут өтер-өтпес уақытта Сергиенконың оң қапталдан берген добын Зенькович Скимичпен таласта тартып алып, қақпаны дәл көздеді. Қонақтар кипері Непогодовтың қақпа торынан допты алып шығудан басқа амалы қалмады. Осы голдан кейін қостанайлықтар алға ұмтылды. Тұрысбек өз ойын жүзеге асыру үшін Пасеченконы ойынға араластырды. Алма-кезек қақпаға ұмтылған қос команда бірінші таймға бұдан артық өзгеріс енгізе алмады. Екінші таймда «Тобыл» бас бапкері Нөсербаевты алаңға жіберді. Жаттықтырушының бұл шешімі өз нәтижесін беріп, Таңат есепті теңестіріп кетті. Канкавадан басталған шабуылға Дарабаев пен Тұрысбектер қосылып, Таңаттың көзге түсуіне мүмкіндік жасады. Ондай сәтті бос жібермейтін форвард Пасаченконы қапы қалдырды. Бұл есеп 10 минут қана сақталды. Атыраулықтардың кезекті алға ұмтылысын тағы да Зенькович түйіндеп,  жартылай финалға командасын жақындата түсті. Бұл жолы Жұматовтың алыстан тепкен соққысын Непогодов қайтарғанымен, спорттық снаряд тура Қазақстан құрамасынң жаңа шабуылшысының аяғына келіп жеткен. Оның тепкен теңбіл добы қақпа торында тулады. Бұл есеп ойын біткенше сақталып, атыраулықтар жартылай финалға берілетін соңғы жолдамаға иелік етті. Өткен жылы финалда сүрінген команданың бәлкім биыл жолы болар, кім білсін?!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға