Жаңалықтар

Шымкент: жаңа кезеңге бетбұрыс

Үшінші мегаполисте қандай жобалар қолға алынды?
Шымкент: жаңа кезеңге бетбұрыс
29.03.2019 13:35 6933

Шымкент – республикамыздағы өнеркәсіптік, экономикалық және мәдени ірі мегополистердің бірі.

Шымкент ірі мегаполиске айналады. Мұнда жаңа жобалар іске асырылуда. Шымкенттіктердің еңбекқорлығы – қаланы дамытудың кепілі. (Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев) 

Қала мегаполис дәрежесін 2018 жылдың мамыр айында алып, жаңа өзгерістерге бет бұрды. Әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесіне әбден лайық екенін атап өтіп, өңірдің инвестициялық, технология мен интеллектуалды ресустарды тартуға барлық мүмкіндігі барын жеткізген еді. Сонымен, Шымкент қаласында қандай ірі жобалар қолға алынған? Және олардың маңызы қандай?

«Shymkent city»

Қаланың 2020 жылға дейінгі даму жоспары аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі – «Shymkent city». Бұл жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің маңында орналасатын болады. «Shymkent city» қалашығындағы тұрғын үйлерді салуға  «Highvill» (51 га) «BAZIS-A», «Bi Group» (5 га), «Отау Строй» (14 га) секілді компаниялармен келісімшарт түзілген. Бүгінге дейін бұл қалашықтың кейбір жобалары қолданысқа беріліп, екі мыңға жуық адам қоныстанып үлгерді. Жалпы, үш жүзден астам көпқабатты тұрғын үй салу міндеті тұр. «Shymkent city» кешеніне «Highvill» компаниясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша шамамен 50 гектар алаңға заманауи саябақ салуға дайын. Оның құны 5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Құрылыстың бас жоспарында ең зәулім үй 25 қабатқа жетеді делінген. Жиырмадан аса балабақша, бірнеше кино, концерт залдары және бизнес орталықтары Шымкент қаласының көркін кіргізетін болады. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бір сөзінде: «Shymkent city» жай ғана жаңа кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі кешені», – деген болатын.

Бұл жоба аяқталып, толық қолданысқа берілсе, елу мың тұрғын жаңа баспананың кілтін алмақ. Шымкентте бұдан бөлек «7-20-25» бағдарламасы аясында да 175 көпқабатты үйдің құрылысы басталып кеткен. Миллионнан аса тұрғыны бар қала үшін ол тұрғын үй саны да көптік етпейтіні анық. Сонымен қатар, баспана тапшылығын азайту мақсатында 8 жалғалық және 68 несиеге берілетін көпқабатты үйлердің жобасы дайын тұр. Олардың жалпы құны 56 млрд теңгені құрайды.

Орталық стадион

Шымкент қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадион еуропалық талапқа сай қайта жаңартылмақ. Қайта жөндеуден өтетін спорттық алаңға 44 млн еуро жұмсалады. Оны инвестициялауды словакиялық компания өз мойнына алды. 20 мың адам сыятын стадион 1969 жылы қолданысқа берілген. Содан бері кішігірім жөндеулерден өтіп, халықаралық дәрежедегі ойындарды да қабылдап үлгерген еді. Қала атынан Қазақстан Премьер-лигасында бақ сынайтын «Ордабасы» клубы енді үйдегі кездесулерін қосалқы стадионда өткізетін болады. Стадионның құрылысы сәуір айында басталып, 2020 жылға дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Әуежай мен темір жол тасымалы

Шымкент қаласын жақын бес жылдықта мүлде тани алмай қалуымыз мүмкін. Жылдам қарқынмен дамып жатқан үшінші мегаполиске келетін туристердің саны да өсетініне күмән жоқ. Сол себепті, қазір темір жол мен әуежай тасымалы бойынша жаңа жобалар қолға алынды. Ол құрылыстарға әуе компаниялары мен Қазақстан темір жолы акционерлік қоғамы демеушілік танытады. Атап айтқанда, SCAT компаниясы жаңа терминал салуға келісімін беріп отыр. Оның жалпы құны – 17,5 млрд теңгеге бағаланған. Әуе компаниясы 50 млн доллар көлемінде қаржы құюға дайын. Сол сияқты әуекомпания өз қаржы есебінен жеті гектар жер теліміне әуе кемелеріне арналған перронды кеңейтеді. Ал қала әкімдігі терминал құрылысы мен оған жеткізетін жолды салу үшін 2,8 гектар жер бөліп бермек.  

1968 жылы қолданысқа берілген әуежай заманауи талаптарға сай емес. Оған қоса, ол жерде әскери базалар орналасқан. Тағы бір мәселе, ұшақтар әуежайға жету үшін қаланың үстімен ұшуға мәжбүр. Бүінге дейін жаңа халықаралық стандартқа сай әуежай салу жоспары қарастырылған еді. Оған сәйкес, қазіргі қолданыстағы әуежайдың Қорғаныс министрлігінің теңгерімінде болуына байланысты жаңа әуежайдың үш жаңа нұсқасы дайындалған: біріншісі – қазіргі әуежайдың оңтүстік-батыс бөлігін алу ойластырылса, келесісі – қалаға жақын орналасқан Ордабасы ауданының аумағына салу, үшіншісі – Шымкент қаласының солтүстік  бөлігінен орын беру еді. Әзірге нақты қайда салынатыны анықталған жоқ. Бірақ, жақын жылдары жаңа терминал қалаға келіп-кетушілер үшін қызмет ететін болады.

Ал темір жол вокзалын қайта құру жоспарына сәйкес, Қазақстан темір жолы компаниясы 1,6 млрд теңге бөлуге әзір. Соған орай, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында күніне жиырма мың жолаушыны өткізетін «Шымкент-2» жаңа темір жолы салынады. Оған қосымша жүкті сұрыптау станциясы мен үлкен автовокзал  пайдалануға берілетін болады. Жалпы аумағы 16 гектарды құрайтын жобада қонақ үй, әкімшілік ғимараты мен мың автокөлік тұрағы да қарастырылмақ. Оның құрылысы да Шымкент қаласының 2020 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің мәдени астанасы атануына орай қолданысқа беріледі деп күтілулде.

Айта кетерлігі, оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстан астанасы Ташкентпен жалғайтын «Шымкент – Ташкент» жүйрік теміржол экспресі іске қосылуы мүмкін. Жүйріктігі сол, жарты сағатта-ақ діттеген жеріңізге жетіп барасыз.

Тағы басқа...

Шымкент қаласында қоғамдық көліктер үлкен проблемаға айналғалы қашан. Олардың көбісі әлдеқашан ескірген. Соған орай, осы жылы 700-ге жуық жаңа автобустар алынып, электронды билетке көшіріледі. «Ақылды қала» жобасы аясында да көптеген игі жұмыстар атқарылған еді. Оның бірі – денсаулық сақтау саласындағы цифрлық технологиялар. Мұның нәтижесінде дәрігерге кезекке тұру 70%-ға азайған.Сонымен қатар, кәсіпкерлік ісі де алға қарай дөңгеленіп келеді. Қаладағы «Оңтүстік», «Тассай» индустриялы және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтарға 60 млрд теңгедей инвестиция салынып, 66 кәсіпорын іске қосылған. Соның нәтижесінде бес мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Болашақта да осы аймақтарға инвестициялар тартылып, бірнеше кәсіпорын іске қосылып, мыңдаған адамдар жұмысқа тартылмақ.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға