Жаңалықтар

Шілікті – шежірелі мекен

Үшінші «Алтын адам» табылған қорым екенін білесіз бе?
Шілікті – шежірелі мекен
15.06.2017 16:59 62202

Жақында Шығыс Қазастан облысының әкімі Даниал Ахметов Шығыста жасалып жатқан өңірлік рухани сананы жаңғырту бағдарламасын егжей-тегжейлі талқылаған болатын. «Болашаққа бағдар: рухани сананы жаңғырту» мақаласында айтылған тапсырмаға сай бүгін де Шығыс Қазақстан облысының Киелі жерлер картасы жасалуда.

Бұл тізімге Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі, Шілікті қорғаны, Сибин көлі және аудандардағы басқа да көрікті мекендер кіреді. Біз бүгін Шілікті қорғанының тарихы мен оннан табылған тарихи жәдігерлер туралы әңгімелмекпіз.

Шілікті қорымы

2003-2006 жылдары Шілікті алқабындағы Қара оба-Бәйгетөбені қазып зерттеген ғалым Әбдеш Төлеубаев 3-ші «Алтын адамды» тауып, археология ғылымында әлемдік сенсация жасады. Осы обадан 4325 алтын бұйым табылған еді. Шығыстың шырайлы өңірін ұлы ғұламалар Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов зерттеп, қазақ тарихына жазып кеткен.

Шілікті жазығы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданынның аумағында орналасқан. Ұзындығы – 80, ені – 30 шақырым осы кең жазықты оңтүстігінде Тарбағатай, шығысында Сауыр-Сайқан, солтүстігінде Маңырақ таулары қоршап жатыр. Шілікті даласында көне мәдениеттің аса бір өркендеген уақыты б.з.д. Ι-мың- жылдыққа сәйкес келеді. Бұл кезде Шілікті даласын сақ тайпалары мекендеген. Шілікті даласында сақ-үйсін дәуірінің екі жүзден астам ескерткіштері бар. Олардың елу шақтысы патша және ақсүйек обалары Шілікті алқабы — кең жазықта орналасқан. Алқаптың солтүстігін тұтастай иіле оңтүстік-шығысқа қарай сәл бұрыла Маңырақ таулары көмкерген. Ескі тарихи жылдардағы Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ таулары — осылар. Шоқтығы биік Сауыртау алқаптың солтүстік шығыс бұрышын түзеген. Биіктігі — 2716 м. Шақпақтас бүкіл өлкедегі ең биік шың. Жүрек тауы оңтүстік-шығыс бөлігін құрайды. Шілікті алқабының көлемі: батыстан шығысқа қарай — 80, солтүстіктен оңтүстікке қарай - 30 шақырымдай. Теңіз деңгейінен биіктігі — 1100 м. Оңтүстік бөлігі тарыла түседі. Төрт жағынан тау қоршаған, желі үнемі соғатын теп-тегіс үлкен алқап. Тау аралығындағы аңғарларда балшық топырақты (соның ішіңде сары топырақты), сондай-ақ қиыршық ұсақ тас аралас балшық топырақты және ұсақ тас пен құм аралас, саз батпақты және сортаң болып келеді.

Шілікті қорымы туралы мәліметтер Коншиннің зерттеу еңбегінде кездеседі. Ондағы деректерге сүйенсек Шілікті алқабының 72 нүктесінде 1675 қорған бар. Шiлiктi даласының ескерткiштерi туралы алғашқы мәлiметтер 1869 жылы. «Томские областные ведомости» және 1887 ж. «Сибирская газета» басылымында кездеседі. 1909-1910 жылдары семейлік гидротехник Г.Бокий Шілікті даласының оңтүстік шығысына қарай Тарбағатай мен Сауыр тауларының түйісер жеріндегі Шағанобада сақ дәуірінің үлкен бір қорғанын қазған.

Археолог Сергей  Черников 1949, 1959, 1960, 1962 жылдары қазба жұмыстарын жүргізген. Көп жылғы қажырлы еңбектің ең нәтижелісі – 1960  жылғы қазба жұмыстары болды. Осы жолы «Шiлiктi алтын қорғаны» табылды. Аса құнды тарихи қазыналарға кенелткен бұл қорған 1960 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданындағы Шiлiктi ауылының маңынан, теңiз деңгейiнен 1300-1500 м. биiкте жатқан Маңырақ және Тарбағатай тауларының арасындағы Шiлiктi жазығынан табылған обаның құрамына енген еді.

Қорғаннан табылған жәдігерлер

Шiлiктiдегi нөмiрi 5-шi қорғаннан табылған тарихи жәдігерлер Ресей Федерациясының Мемлекеттiк қорында сақтаулы тұр. Археологтарға жеткен мүлiктен тәптiштеп тiзiмдеген С.Черников барлығы 524 алтын зат тiркедi. Үш жүзден астамы, алайда, ұсақ тесiкшелер (бисер) және кейбiр зат сынықтары мен фрагменттерi болған. Аң бейнелi стильмен жасалған көлемдi алтын әшекейлер – 59 ( 29 - қабылан, 14- бұғы, 9 – бүркiт, 5 - қабан, 1 – балық, 1 - құс). Олардың қатарына 13 қола жебенiң ұшын жатқызуға болады. Зерттеушiлер қорамсақтың қалыңдығына қарап, оның бұғының немесе жылқының терiсiнен жасалғанын анықтады. Осы қазба жұмыстарын жүргiзген С.Черников бұл қорамсақ жерлеу салтына сай арнайы жасалған деген тоқтамға келген. 

Ал, 3-ші Шілікті қорымындағы Бәйгетөбе обасынан барлығы 4303 дана алтын жәдігерлер табылған. Оның 153 данасы мәліннің маскасы бейнесінде, 36 данасы бүркіт-самұрұқ, 20 данасы бұғылар, 39 данасы қасқыр (аю) түрінде, бір түйме-қаптырма бесжұлдыз, бір қаптырма арқар бейнесінде. Сонымен қатар 23 дана қоңырауша түріндегі, 63 дана кеңірдекше түріндегі, 17 дана алтын тілікше, 7 дана алтын сым, 141 дана жартышар сияқты салпыншақтар, 2835 дана миниатюралық құлақшалы, кесеге ұқсас салпыншақтар, 223 ұсақ кеңірдекше тізбе, 743 шығыршық тізбе және бір дана кішкене қапсырма шеге табылды. Скиф-сiбiр әлемiнен қалған ескерткiштердің iшiнде ең сирек кездесетiн, жұмбақтау бұйым – мүйiзбен жиектелген жұлдыз тәрiздi алтын қапсырма. Оның астарында киiмге тiгуге арналған мықты бауы бар.

Шілікті жазығында жүргізілген бір ғасырдан астам археологиялық зерттеулер нәтижесінже көптеген құнды мәліметтер мен жәдігерлер жинақталды. Деректердің сан түрлі болуы мен бірге ерте сақ дәуірінен бастап дамыған орта ғасырлар кезеңіне дейінгі уақытты қамтитын деректермен толықты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға