8 Шілде 2025, 17:20

ШІЛДЕНІҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕКСЕНБІСІ – ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ

Елімізде 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісінде қазақтың төл аспабы – Ұлттық домбыра күні аталып өтіп келе жатыр. ? Бұл күні ықылым заманнан бері атадан балаға мирас болған ұлттық аспабымыз ерекше насихатталып, қоңыр үні жаңғыра түседі. ? ?

Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдайды. ? Алайда 2010 жылы қазақстандық баспа беттері тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған еді. ? 1500 жыл бұрын қолданыста болған көне аспап Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртастан табылған. Әуелі малшының қолына түскен аспап археологтардың қызығушылығын оятып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. ? Бұл ғылыми жаңалыққа қазақ ғалымдарының арасынан танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды. ? Содан бері домбырамыз халқымыздың қастерлі де қасиетті ұлттық кодына айналды. Осы мереке күні еліміздің әр қиырында қастерлі аспап кеңінен насихатталып, ауқымды концерттер, флешмобтар, тәрбиелік шаралар өтеді. ?? ? Еліміздегі мектептер де домбыра сабағын пән ретінде енгізіп, жастарға ұлттық аспапты насихаттап жүр. ? Мысалы, 2022 жылдың мамыр айында елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте оқу жылын аяқтаған ең ауқымды домбыра сабағы Гиннесс рекордтар кітабына енді. ?? Мұнда мыңдаған оқушы бір мезетте бірнеше күй орындап, ? әлем жұртын таңғалдырған еді.