Жаңалықтар

Шілдеде коронавирустан 3 науқас қайтыс болды

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлім етті
Шілдеде коронавирустан 3 науқас қайтыс болды
Фото: iz.ru 27.07.2022 15:51 1364

Соңғы аптада елімізде COVID-19 вирусын жұқтыру 1,9 есе көбейіп отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлім етті, – деп хабарлайды El.kz.

– 20 маусымнан бастап елімізде коронавирус инфекциясына шалдығудың өсуі байқалды. Соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда коронавирустың таралуы 1,9 есе өсті (8156 жағдайдан 15503 жағдайға дейін). Тәулігіне коронавирустың расталу көрсеткіші 2700 жағдайға жетіп отыр. Наурыз айынан бастап өлім-жітімнің бірлі-жарым жағдайы тіркелді. Шілде айында КВИ-мен ауырған 3 науқас қайтыс болды, – деді Айжан Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, соңғы аптада COVID-19 вирусын жұқтыру көрсеткіші еліміздің 3 аймағында 70% жетті.

– Алматы қаласында (4704 жағдай немесе 30,3%), Нұр-Сұлтанда (4937 жағдай немесе 31,8%) және Қарағанды облысында (1237 жағдай немесе 8%). Ауруға шалдығушылардың саны өскеніне қарамастан, науқастарды ауруханаға жатқызу деңгейі төмен. Бүгінгі күні КВИ бойынша стационарлық көмек 180 инфекциялық ауруханада көрсетіледі. Төсек-орынның 30%-да науқастар жатыр, – дейді ол.

Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитар дәрігер стационарда емделіп жатқан пациенттерге талдау жүргізілгенін айтты.

– КВИ-мен ауырып стационарда емделіп жатқан пациенттердің ішінде 18 жасқа дейінгі балалар - 36,3% құрайды. Ал 63,7% - ересектер, – деді А. Есмағамбетова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға