Жаңалықтар

Шикізаттық емес сектордың үлесі 68%-ға жетті

 Шикізаттық емес сектордың үлесі 68%-ға жетті
Фото: sn.kz 20.06.2022 11:31 1545

Соңғы 3 жылдың өзінде салықтық және кедендік әкімшілендіру мен цифрландырудан бюджетке 2 трлн. теңгеден астам қосымша түсім әкелген, - деп хабарлайы El.kz сайты. Бұл туралы ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Е.К.Жамаубаев айтты.

Бірлескен отырыста бюджеттің шикізаттық сектордан тәуелділігіне және салықтық әкімшілендіруге қатысты пікірлер де айтылды. Соңғы 5 жылдағы салық түсімдерінің жалпы көлеміндегі шикізаттық емес сектордың үлесі орташа алғанда 68% құрады.

–  Осы жылдар ішінде шикізаттық сектордың үлесі 32%-тен асқан жоқ. Дегенмен, жаһандық экономиканың біртіндеп жандануы негізгі экспорттық позицияларға бағаның өсуіне алып келді. Бұл жер қойнауын пайдаланушыларды әкімшілендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен бірге, шикізаттық сектордан түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жер қойнауын пайдаланушыларға салықтық тексерулер мен горизонтальды мониторинг нәтижесінде бюджетке қосымша 200 млрд. теңгеден астам қаражат өндіріп алынды, – деді Ерұлан Жамаубаев.

Қаржы министрінің айтуынша, Үкімет салық базасын кеңейту, бизнесті дамыту және оларды көлеңкеден шығару, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру және басқа да көздер арқылы бюджет кірістерін әртараптандыруға арналған шараларды жүйелі түрде жүргізетін болады. Оның тек 680 млрд. теңгеден астамы былтыр түскен. Ал мәжбүрлеп өндіріп алуды қолдану есебінен салықтық берешек 337,2 млрд. теңгеге төмендетілді.

– Былтыр Қытай Халық Республикасының экспорты – Қазақстан Республикасының импорты бағыты бойынша статистикалық деректердегі алшақтықтар 40,5%-ке дейін төмендеді. Бұл бағыттағы жұмыс күшейтілетін болады, – деді Ерұлан Кенжебекұлы.

Қаржы министрі бюджетаралық қатынастарға қатысты Есеп комитетінің республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы қаржы ағындарын барынша азайту жөніндегі ұсынысымен келісетіндігін айтты.

– Өңірлердің бюджеттік дербестігін нығайту үшін қосымша салық түсімдерін әкімдіктерге беру жолымен бюджетаралық қатынастарды реформалау жүзеге асырылатын болады. Жергілікті жерлерде жалпы сипаттағы трансферттерді көбірек алу үшін салық базасын жүйелі түрде кемітіп көрсетуге қатысты Есеп комитеті пікір білдірген. Бұл 2023 – 2025 жылдарға арналған субвенциялар мен бюджеттен алуларды анықтаған кезде ескерілетін болады, – деді Қаржы министрі.

Ерұлан Жамаубаев жекешелендіру мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қатысты қазіргі уақытта жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Бұл ретте халықтың өмір сүруін қамтамасыз ететін және табиғи монополиялар субъектілеріне жататын объектілерді алып тастау қарастырылады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жекешелендіруге жататын объектілер тізіміне енгізу үшін бірқатар басты критерийлер бекітілді. Бұл жерде негізгі мақсат – мемлекет үлесін азайта отырып, кәсіпкерлікті дамыту және жекешелендіруден қомақты қаражат түсіру. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқаруға келсек, Үкімет қазіргі уақытта оны реформалау, оның ішінде дивидендтік саясатты қайта қарау бойынша тәсілдерді әзірлеуде, – деді Қаржы министрі.

Ерұлан Кенжебекұлы мемлекеттік борышты басқару мәселесі бойынша мемлекеттік борыштың өсуі республикалық бюджет тапшылығын жабу қажеттілігімен және маңызды әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін қарыз алумен байланысты болатындығын айтты.

– Өткен жылдың қорытындылары бойынша мемлекеттік борыш деңгейі жалпы ішкі өнімге шаққанда 27,4%-ті құрады және бүгінгі таңда қауіпсіз деңгейде сақталуда. Бұл халықаралық қаржы және рейтингтік ұйымдардың бағалауларымен де расталуда. Дей тұрғанмен, мемлекеттік борышты басқаруды одан әрі жетілдіру үшін келесідей шаралар қабылданады. Біріншіден бюджет тапшылығы кезең-кезеңімен азаятын болады. Бұл борыштың өсу қарқынын төмендетуге ықпал етеді. Екіншіден көлеңкелі экономикамен күресті белсеңдету. Әкімшілендіруді жақсарту және цифрландыру арқылы салықтық түсімдердің біртіндеп ұлғаюы күтілуде. Үшіншіден қарыз алу кезінде ішкі нарықтың өтімділігі барынша пайдаланылатын болады, – деді Қаржы министрі.

Ерұлан Жамаубаев бұдан басқа, заңнамада сыртқы қарыз қаражатын уақтылы игермегені үшін мемлекеттік органның бірінші басшысының жауапкершілігін белгілеу жөнінде норма қабылданғанын атап өтті.

– Үкімет жүйелі түрде мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор борышының қалыптастырылуына және басқарылуына бақылауды күшейтетін болады. Осы тұрғыда 2030 жылдарға дейін мемлекеттік қаржыны басқару концепциясы қабылданатын болады, – деді Е.Жамаубаев. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға