Қазақтың киіз үйінің құрамдас бөлігі ши деп аталады. Ши далалық құмайт аумақта өсетін сабағы қатты шөптесін. Осы ши өсімдігі арқылы қазақ халқы өзінің өмірлік тұрмысына қажетті көпдеген бұйымдар жасап қолданды.
Ши тоқу – бұрын көшпелі және жартылай отырықшылдықта тіршілік еткен Орта Азия халықтарының арасында алғаш рет қолданылып ерекше түрде дами бастады. Зерттеушілердің айтуынша, ши орау өнері ХV ғасырдан бастап ерекше дамып, өнер деңгейіне көтеріледі.
Қазақ халқында ши өңдеуі, оған жүн орап, өрнектеп безендіру, тоқу ісі – ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық өнер. Олар шиден түрлі бейнелер жасап, ою-өрнектермен өрнектеп базарлық бұйым мен түрліше тұрмыстық тұтыну тауарын дайындап нарыққа шығарып отырды. Қазақ халқының асыл қазынасының бірі болып саналатын қолөнерінің шығу тарихы мен сан түрлі сәндік-қолданбалы өнер туындыларының жасалу жолдары туралы мәліметтер халқымыздың мақтанышы болған белгілі ғалымдарымыз Ә.Х.Марғұлан, М.С.Мұқанов, Х.Арғынбаев, Т.К.Басенов, Ө.Жәнібеков, С.Қасиманов, К.Әмирғазин, Ұ.Әбдіғаппарованың зерттеу еңбекттерінде көп орын алған.
Ши тоқудың тәсілі
Ши өсімдігі Иран, Қытай, Монғолия, Тибет, Ресей, Еуропаның оңтүстік шығысында, Орта Азия, Батыс және Шығыс Сібірдің оңтүстігінде кездеседі. Сонымен бірге Қазақстанның дала, шөлейт аймақтарында, тау беткейлерінде, әдетте, суға жақын жерлерде көп өседі. Сондықтан да жаз жайлауда, күз күзеуде қазақ халқы науқанды түрде ши суыруға шығады.
Мірдің оғындай түп-түзу, әрі өте берік келетін шидің сабағын әсіресе күз келе жұлып алады да кептіреді. Кеуіп аппақ болып қаурған шидің қабығын аршып барып тоқуға кіріседі. Ши тоқу үшін арнайы арқау жіптер дайындалып арқалық ағаш орнатылады. Бұл аса ұзақ процес болғандықтан арқау ағашты (станок) көлеңеклі жерге орнатады. Осылайша арқау жіптерді арқалық ағашқа 6-7 жерден асып қояды да шилерді кезектестіре салып отырып тоқиды. Шалма жіптерді шүйделеп ораған шақта оның ішіне тас салады. Әлгі тас шалма жіпті төмен тартып тұрады. Шалма жібі қатты болған ши сапалы болып шығады. Шиге дайындалған арқалыққа асылған шалма (арқау) жіп шидің ұзындығынан 2 есе ұзын болуы шарт.
Ши тоқыған кезде оның түбірін ешуақытта бір жағына келтіруге болмайды. Үнемі кезек ауыстырып салу шарт. Ши түбірі тек бір жағына ауысып кетсе ол ешуақытта дұрыс шықпайды. Сапасыз болады.
Шиді ұзыннан ұзақ етіп тоқи беруге де болады. Бірақ ұзын етіп тоқылған шиді жинап ораған сәтте өте көлемді болып кетеді. Және салмағы да батпандап алады. Сол себепті ши тоқыған шақта оны белгілі бір ұзындықпен шектейді. Мұндайды қазақ бір орам ши деп атайды. Бір орам шидің ұзындығы шамамен 4-5 м болады. Қазақтың алты қанатты ақ ордасының керегесіне толықтай жететін ши 4-5 орам болып келеді. Шиді көші-қон уақытында арнайы ши қапқа салып алып жүреді. Ши шаң-тозаң мен суға көп ұшыраса арқау жіптері шіріп сапасы кетіп ыдырай бастайды.
Ши түрлері және пайдалану
Ши бұйымының жалпы сырт көрінісіне қарай: ақ ши (кейде шым ши) және ораулы ши деп екі топқа бөлінеді. Мұндай ши түрлері қазақтар арасында өз орнымен әр түрлі мақсатқа пайдаланылады. Ақ ши дегеніміз қабығынан аршылып тазартып барып өңделмей сол қалпында тоқи салған табиғи көрністегі ши. Ал ораулы ши дегеніміз түрлі-түсті етіп боялған қой жүнімен орап, ою-өрнек бедерлеген ши.
Қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе өреге жайып, ірімшік, құрт кептіруде қолданады. Сондай-ақ, ақ шимен масахана да жасай береді. Мұндай ақ қалпында тоқылған табиғи ши ерекше жел өткізгіштік қасиетке ие. Жаз айларында киіз үйдің іші қатты ысып кеткен шақта іргені көтеріп самал соқтырып алудың өзі сол болса керек. Сонымен бірге ақ шиден сүзгіш шыпта да жасайды және үйдің төбесі мен қабырғасын біртегіс етіп сылауға пайдаланыды. Тіпті топырақты, тастақты және құмайт жерде шиді төсеніш ретінде де пайдаланады. Шиді төсеп жатқан адамның жамбасына тас батпайды, әрі үсті таза болады.
Шым ши ияғни оралмаған ақ шиді кейде «жез ши» деп те атайды. Бұл ерте кездің өзінде пайда болған ұғым. Оралмаған ақ ши уақыт өте келе сарғайып күнге әбден қақталған шағында жездей болып сарғайып кетеді. Міне, «жез ши» атауының шығу тегі де осы болса керек.
Ал ораулы шиді қазақ салтанатты түрде үй жиһазы ретінде пайдаланды. Керегенің сыртынан тұтып оның сыртынан туырлықпен жабады. Оралған ою-өрнекпен әрленген ши аса сәнді болады және жылуды да ерекше ұстайды.
Демек, киіз үйдің керегесінің сыртына айналдыра тұтуға оралған, ою өрнекпен безендірілген ши көбірек пайдаланылады.
Күз келе жауын-шашын мол болатындығы шындық. Осы кезде үй сыртынан түтылған киіз әбден суға малшынып ылғалданып кетеді. Осы сәтте ши ылғалды ішке өткізбейді, сондай-ақ шаң тозаңға да тосқауыл бола алады.
Сонымен бірге қазақ киіз үйіне байланысты шидің ірге ши деген де түрі бар. Аты айтып тұрғандай іргеши киіз үй жабдықтарының ең сыртынан тұтылатын бұйым. Ірге ши керегеге тұтатын шиден едіуір аласа болып келеді. Ол тек үй іргесіне, төменгі белдеудің үстінен тұтылады. Өз кезегінде іргеши суықты ішке еш уақытта өткізбейді. Кейде іргешиді тұтқан соң оның етегін топырақпен көміп тастайды. Міне бұдан кейін үй ішіне ешуақытта суық жоламайды. Іргеши тұтпай үй іргесін топырақпен жабуға болмайды. Себебі үйағаш пен киіз топыраққа өте төзімсіз матерял.
Тұрмыстық қолданыстағы ши атауы:
Ас ши, Күрке, Терезе жапқыш, Аяқ қап (ыдыс салатын қапшық) Ши қора, Қар ұстағыш, Ши қалпақ, Етхана, Мал соятын ши, Есік, Масахана, Өре ши, Киіз басатын ши, Тұс ши, Шым ши, Кілем ши, Саба ши, Ораулы ши, Жолым, Ірге ши. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде бұл аталғандардың әрқайсысы өз-өз орнымен қолданылады.
Ши орау өнері Ұлы жібек жолының қазақ жеріне келген шақта ерекше бір кейіпке еніп түрлене түсті десек болады. Себебі қытайдың жібек жіптерімен оралған ши аса жоғары бағаға ие болған еді.
Шиді орау тәртібі:
Бұл біздің қолөнершілердің қолынан шыққан жарқын жұмыстардың бірі ғана. Мұндай кереметтерді жасауда шебердің жұмысы алдымен жиналған шидің сабағын қабығынан аршып, оның жарамды, жарамсызын бөліп алумен басталады.
Тоқымашылар алдымен шидің жуан жіңішкесін бір ыңғайға келтіріп бөлек-бөлек буады. Алғашқы кезекте оның сұлбасын таңдап, ою-өрнектерді әрбір шиге инемен белгілеп шығады. Жіп пен жүн шиге жақсылап орамас бұрын қандай өрнек салу керектігін белгілеп алады. Содан кейін барып шиде белгіленетін ою түрін қажетті түстерді пайдалана отырып ақ қағазға түсіреді. Бірақ ою шиде болатын көлеммен бірдей болып сызылады. Содан кейін барып, бума шиді бір бірлеп орап әлгі сызылған суреттің үстіне қойып түрып орайды. Міне осылайша қажетті мөлшерде түгел оралған шиді тоқуға кіріседі. Кейде бұрын оралып тоқылып қойған шиге салып та ши орай береді. Бұл тәсілді қолданған кезде көбіне бір үйдің тұсына құрылған ши бедері бір келкі, бір өңді болып келеді. Ал еген бедер түрін өзгерткісі келетін шебер болса ол онда алдымен таза ақ күйінде тоқылған ши әкеліп жерге жазады да оның бетіне түрлі түсті жосамен бедер не ою сызып шығады. Содан кейін әлгі бедерге салып шиді бір бірден орай бастайды. Бұл бізге апа-әжелерімізден жеткен көне технология.